Қоғам

Қоғамдық көліктерде тіл заңнамасының сақталуы тексерілді

 

 

Қыркүйек айында тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған тексеріс нәтижесінде анықталғанындай, ҚР Тіл туралы Заңының 21-бабы қоғамдық көліктердің бәрінде бірдей сақталмайды. Кей көліктерде бағыт кестесі тек орыс тілінде жазылса, енді бірінде автобус ішіндегі ілініп тұрған мемлекеттік тілдегі ақпараттарда орфографиялық, грамматикалық қателер тұнып тұратын көрінеді.

 

Ернияз Сұлтанов, СҚО тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы:

– Барлық қателерді екіге бөліп қарастыруға болады. Мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпарат мәтіннің сол және жоғарғы тұсында, ал орысша үлгісі оң және төменгі жағында жазылуы тиіс.

 

Қала бойынша жолаушылар тасымалымен айналысатын 25 бағыттағы автобус бар. Олардың барлығы дөңгелек үстелге шақырылды. Жиында автобустардағы ақпараттарда қаптап жүрген қателіктер слайдта көрсетілді. Өрескел қателіктерге бой алдырған тасымалдаушылар бұл жұмыстарды бақылауға алатындығын жеткізді.

 

Галина Семенова, “СҚО автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Алдағы уақытта тілдерді дамыту басқармасымен бірігіп жұмыс жасайтын боламыз. Жиі тексерістер жүргізіп, барлық кеткен қателіктерді жоямыз. Көбіне ондай олқылықтар жүргізушілердің, кондукторлардың салғырт жұмыс істеуінен болады. Олар тексерілмеген ақпаратты дұрыс деп іліп жатады. Сондықтан алдағы уақытта олармен де жұмысты қолға аламыз.

 

Әрине көпке топырақ шашуға болмайды. Меншігіндегі 14 автобустың барлығындағы жазулар талаптарға сай, дұрыс жазылған қоғамдық көліктердің бірі -27-ші бағыт.

 

Боскен Төлегенов, «Төлегенов» ЖК директоры:

-Мемлекеттік тіл барлығымызға ортақ. Сондықтан оған құрметпен қарау керек. Мен автобустарымда ілінетін барлық ақпараттарды мамандарға тексертемін. Тек содан кейін ғана орналастырамыз.

 

Алдағы уақытта заң бұзған тасымалдаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

 

Ернияз Сұлтанов,СҚО тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы:

– Жаңадан қабылданған Заң бойынша енді қателіктер орын алған бағыттарға бірінші ретте ескерту жасалса, екінші рет қателіктер орын алған тасымалдаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

 

Жалпы қала бойынша жолаушылар тасымалымен 9 кәсіпорын айналысады.

 

Мағжан Ахмадина