Өнеркәсіп

“Мұнаймашта” өнім өндіру көлемі артуда

 

«Мұнаймаш» кәсіпорнының өткен жылы іске қосқан жаңа инвестициялық жобасының құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Оның 250 миллионы кәсіпорынның өз ақшасы болса, қалғанын мемлекеттік бағдарлама шеңберінде “БРК лизинг” қаржыландырған. Іске қосылған жаңа желі, мұнай-газ саласына қажетті насостарға арналған түрлі қосалқы бөлшектер шығару. Шетелдік заманауи мына қондырғылар оған толық мүмкіндік береді. Олардың жалпы саны – 12.

 

Сергей Ерофеев, «Мұнаймаш» АҚ басқармасының мүшесі:

-Биыл біз жаңа қондырғылардың арқасында 2,4 миллиард теңгенің өнімін өндірдік. Жыл соңына дейін оны 3 миллиард теңгеден асыруды жоспарлап отырмыз. Негізгі тұтынушыларымыз мұнай-газ саласында еңбек ететін кәсіпорындар. Осы жылы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясымен ұзақжылдық келісім-шарт жасастық. Ол бізге жұмысымызды одан әрі оңтайландыра отырып, еңбек тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

 

Жапония мен АҚШ-та шығарылған бұл қондырғылар, сызбадан нақты деталь жасап шығаруға мүмкіндік береді. Бұрындары бір бөлшекті жасау үшін бірнеше аппарат пайдаланылса, қазіргі күні олардың барлығы тек бір станокта жасалады.

 

Сергей Литвинов, “Мұнаймаш” АҚ техникалық директоры:

-Заманауи 12 қондырғы бұрынғы 100 станокты алмастырып отыр. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда биыл өнімділікті 60 пайызға арттырдық. Жаңа қондырғылар уақыт және энергия үнемдеуге де тиімді.

 

Николай Васильев қазіргі күні жаңа қондырғылардың бірін басқарып отыр. Оның аталмыш кәсіпорында еңбек еткеніне 5 жыл болыпты. Осы аралықта зауыттың тыныс-тіршілігі адам танымастай болып өзгерді дейді маман.

 

Николай Васильев, оператор:

-Жұмысымыз бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым жеңілдеді. Жаңа қондырғы көп қырлы, бір өзі бірнеше функцияларды атқара алады. Бәрі автоматтандырылған. Менің міндетім компьютер жадына қажетті сызбаларды енгізіп, сосын оның орындалу барысын қадағалау.

 

«Өнімділік-2020» жобасы шеңберіндегі көзделген мақсат- еңбек өнімділігін 2 есеге ұлғайтып, отандық өнімді 70 пайызға арттыру және оларды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру. Бұл отандық туардың сұранысқа ие болуына жағдай жасау деген сөз.

 

Самат Есмағи