Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы талқыланды

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың 11қазанында “А” корпусы өкілдерімен өткізген жиында мемлекеттік қызметшілерге бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Ол мемлекеттік сатып алуды ашық әрі мөлдір жүргізу, түрлі бағдарламалар бойынша бөлінген бюджеттік қаржының орынды жұмсалуын қадағалау, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ұтқыр иннновациялық жобаларға жұмсалған қаражаттың қайтарымдылығын қамтамасыз ету секілді міндеттер. Тапсырмалардың өңірімізде жүзеге асырылу барысын аймақ жетекшісі Самат Ескендіров тізбектеп берді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыны мақсатты жұмсау көрсеткіші төмен. Мәселен биылғы жылға бағытталған қаржыны игеру 9 айда не бары 84 миллиард теңге шамасында. Жоспар бойынша ол 3 миллиард теңгеге орындалмай келеді. Республикалық трансферт 2,3 жергілікті қазынадан бөлінген 1 миллиард теңге қаржы әлі игерілмей отыр.

 

Ол атқарып жатқан жұмысқа сын деп атап көрсетті өңір басшысы. Облысымызда жалпы құны 40 миллиард теңге болатын 26 ұтқыр инновациялық жоба жүзеге асырылды. Бірақ жұмыс істемей тұрғандары да бар. Олар Ақжар ауданындағы қиыршық тас өндіретін кәсіпорын мен құрғақ көбік қоспа шығаратын зауыт. Алғашқысы толық қуатта жұмыс істемесе, соңғысы мүлдем өнім өндірмеген. Осыны сынға алған Самат Ескендіров бұл мақсатқа жұмсалған қаржының қайтарымы болуы керектігін тілге тиек етті. Ол ұлт көшбасшысының міндеттемесі. Бұдан соң ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу барысы сараланды. Облысымызда бүгінгі таңда 689 елді мекен бар, ондағы халық саны 336 мыңның үстінде.

 

Зиядден Молдағанапов, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Әлеуеті жоғары деп танылған елді мекендер саны Мағжан Жұмабаев ауданында – 24, Қызылжар мен Ғабит Мүсіреповте – 16. Ал тұрмыс тіршілігі төмендерге келсек, ондайлар Ақжарда – 4,Мамлютта- 3, Уәлиханов пен Айыртауда – 2, Тайынша мен Мағжан Жұмабаев ауданында -1.

 

Өз баяндамасын осылайша бастаған Зиядден Молдағанапов елді мекендердің әрқайсысының тынысын жіліктеуге тырысты. Баяндамамен алған уақыты – 35 минут. Алайда одан ауылдық аумақтарды дамыту үшін не істеу керектігі жайында бір ауыз сөз айтылмағандығын өңір басшысы қатаң сынға алды.

Бұдан соң мінберге ауылшаруашылығы басқармасының басшысы шықты. Оның жасаған хабарламасы да ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасына қатысты. Құжаттың іске асырылуына бұлар да жауапты.

Мәселен ауыл халқының жүз мыңы өз-өзін еңбекпен қамтып отырса, осыншасы екі қолға бір күрек таппауда. Осыны атап көрсеткен өңір басшысы жұмыссыз жүргендерге шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын түбегейлі түсіндіру керектігін қадап айтты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Шөп шабуды да шағын және орта кәсіпкерлік саласына ендіру қажет. Астында техникасы бар, бірақ ауылда жұмыссыз жүрген адамға несие алуға көмектесіп, оның шалғы мен тырнауыш алуына жағдай жасап берсеңдер ол халыққа малға жем-азық дайындап беруде қызмет көрсететін болады. Одан өзіне де, өзгеге де пайда бар.

 

2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту бағдарламасының облысымызда жүзеге асырылу деңгейі қаншалықты. Ол туралы жиынға қатысушыларды білім басқармасының жетекшісі құлағдар етті.

Мұғалімдердің біліктілігінің жоғары болуы оқушылардың білім сапасының көрсеткішімен өлшенеді. Ендеше бірінші кезекте педагогтардың өздері жоғары санатты болуы шарт. Бұл ретте мұғалімдер біліктілікті арттыру институтының көмегі мен қолдауын мейлінше пайдаланулары керек. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы жауапты тұлғаларға күн тәртібінде қаралған мәселелердің барлығы қатаң бақылауға алынуы керектігін міндеттеді.

 

Самат Есмағи