Қоғам

Облыс әкімі балаларға арналған психоневрологиялық диспансерде болды

 

 

Өңір жетекшісі емдеу мекемесін аралап, науқастарға жасалған жағдайлармен танысты. Бүгінде мұнда 80-ге тарта жасөспірім дерттерінен айығуда. Тағы 35-і жүйке жүйелерін жақсарту үшін күндізгі стационарға келіп жүр. Оларға 8 бағыт бойынша медициналық кәсіби көмек жасалады. Балалар 174 білікті маманның қарауында.

 

Алғиса Сарбасов, Петропавл қалалық балалар психоневрологиялық диспансерінің директоры:

– Білім беру, жүріп тұруына көмектесу, денсаулықтарын түзету сынды жұмыстар жүргізіледі. Креслоларды көтеретін арнайы көлік алынды. 17 млн теңгеге шатыр жөнделді. Жоғарыға көтерілетін баспалдақтар қалпына келтірілді.

 

Облыс әкімі диспансердің материалдық-техникалық базасын байқап көрді. Емдеу мекемесі науқастардың жүйке жүйесін жетілдіріп, ой өрісін кеңейтуге қажетті жабдықпен толық жарақтандырылған. Самат Ескендіров жеткіншектердің дарындарын ашатын шеберхана, ойын залын аралып, сенсерлік кабинеттің жұмысымен танысты. Мұнда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге де аса мән беріледі екен.

Қазір облысымызда 29 мың жарымжан мен 94 мыңнан астам зейнеткер тұрып келеді. Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында әлеуметтің әлжуаз тобы ерекше қамқорлыққа бөленіп жатыр.

 

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

– Бүгінде 65 мың адамға 95 млн. теңгенің көмегі көрсетілді. Тек ақшалай ғана емес, кімге отын, шөп керек тағы басқа үйді жөндеу бойынша кәсіпкерлер көмек жасауда.

 

Аса мұқтаж жандарды демеуге бағытталған бұл игі істер айлық аясында ғана емес, жыл бойы жалғасын табады.

 

Жеңіс Ермұқанов