Қоғам

Ғалымдар метеорит құлаған жерді іздеп жүр

 

Петропавлдық ғалымдар осымен үш жыл бойы Солтүстік Қазақстан аумағына 1 ғасыр бұрын құлаған метеоритті іздеп әлек. Қазба жұмыстары тоқтатылмағанымен жұлдыздар әлемі денесінің белгілері әлі табылған жоқ.

Бір мая шөптен ине іздеген ғалымдар діттегенімізге жетпей қоймаймыз дейді. Енді тылсым тасты жер астынан ғана емес аспаннан іздестіру көзделіп отыр. Ойларын жүзеге асыру үшін жерден басқарылатын ұшақ пайдаланылмақшы. Ұшу нысаны жоғарыдан жер қыртысының аэросуреттерін шығарады. Сырт көзбен қарағанда ойыншыққа татитын ресейлік «Геоскан» ұшағы жерден 3 шақырымдық биіктікке көтеріле алады.

Аспанда қалықтаған ұшақтың самғауы жақсы. Бірақ жылдамдығын арттыруда екпінді жел сәл кедергі тудыруда.

 

Сергей Сартин, астрофизик:

-Қанаттарының ұзындығы 1 метр 20 см. Тек аңшылар құс деп атып алмаса болғаны. Бұл құрылғы 5-7 см-ге дейін сурет шығара алады. Егер де жерсерік арқылы түсірсек, ұзындығы 40 см-ге дейін барады. Түрлі фильтрларды қолдансақ, ақпаратты көбірек жинауға болады.

 

Бұл ұшқышсыз жұмыс жасайтын әуе нысанының Қазақстандағы үшінші үлгісі. Екеуі Қарағанды қаласының аспанында ұшып жүр. Құны 4 млн. теңге. Ұшақ негізінен құнарлы топырақты анықтау мен өзендердің ағысын зерттеуге бағытталған. Мамандар оның метеоритті табуға да жарап қалатынына сенеді.

 

Жеңіс Ермұқанов