Қоғам

Қазанның 27-сі елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтіледі

 

 

Әлеуметтік қызметкерлерді кең пейілді, ашық мінезді қамқор жандар деп айтсақ артық болмас. Бүгінде өңірімізде бұл қоғамдық маңызы бар кәсіпті 2 мыңнан артық маман абыройлы атқарып жүр. Төл мерекелері қарсаңында сүттің бетіндегі қаймақтары саналатындары мына залға жиналып отыр. Мұқтаж жандарға аса қажетті көмек жасайтындарды атаулы күнмен облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

Өңірімізде әлеуметтің әлжуаз тобына ұзақ жылдар бойы үздік қызмет жасап келетін мамандар түрлі марапатқа ие болды. Бірқатары салтанатты жиында облыс әкімінің қолынан құрмет грамотасы мен алғыс хат алды. Қажырлы еңбегі еленгендердің қатарында Қызылжар ауданының әлеуметтік қызметшісі Гауһар Нұрмұқанова да бар. Бәйтерек ауылының 5 мүгедек жасөспірімі аталмыш кызметте 10 жыл жүрген тәжірибелі маманның қарауында.

“Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі ” төс белгілері де өз иелерін тапты. Өңір жетекшісі еңбегі жанғандардың енді бір легіне құнды сыйлықтар тарту етті. Жалпы өңірімізде 2 мыңға жуық жарымжан кәсіби көмек алатын 8 медициналық-әлеуметтік мекеме бар. Олардың жарақтандырылуы да үкімет тарапының жіті бақылауында. Биыл қалалық мүгедектер қоғамы арнайы көліктермен толығыпты. Тірек-қимыл жүйелері зақымдалған тұлғаларға көтергіш құрылғы сатып алынған. Мерекелік шара аясында “Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз” байқауының облыстық кезеңінде топ жарғандар республикалық бәйгеге жолдама алды. 10 аталымда үздік атанғандарға Самат Ескендіров сәттілік тілеп, оң сапар жолдады. «Үздік студент» номинациясында өлке намысын Сәлімжан Сәбитов қорғайтын болады.

Жерлестеріміздің дарындары сыналатын байқау қазанның 22-25 аралығында Астана қаласында өтеді. Облыс әкімі мүгедектерге жасап жүрген демеуі үшін халықаралық ұйымдастыру комитетінің алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

 

Жеңіс Ермұқанов