Қоғам

Астанада Солтүстік Қазақстан облысының мәдениеті күндері өтеді

 

 

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне өңіріміздің 100- ден астам кәсіпорындары қатысады. Жерлестеріміз елордасына 1100 тоннаға жуық ауылшаруашылығы өнімін апаруды жоспарлап отыр. Ұсынылатын тауарлардың құны Астананың базарларындағы бағадан 15-20 пайызға төмен болады. Бас қаланың тұрғындары әсіресе теріскейдің еті мен бал өнімдерін жақсы алады, сондықтан биыл еттің 92 және балдың 16 тоннасын апару көзделген. Алғаш рет 5 тоннаға жуық балық өнімдері ұсынылмақ. Бұдан өзге 100-ге жуық өнімнің түрі жәрмеңкеде сатылмақ.

 

Алтынбек Абдоллаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– 480 тонна картоп, 295 тонна көкөніс, бұдан өзге жұмыртқа, макарон өнімдері болады.

 

Облысымыздың тауар өндірушілері орталық алаңда құрылған 86 палаткада өнімдерін саудалайтын болады. Олардың 70-сі биыл дайындалған.

 

Алтынбек Абдоллаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

-Сататын павильондарды жаңадан дайындадық. Кең орындарда 2 сатушыдан тұрады.

 

Онымен қоса ежелден өзінің қонақжайлылығымен таныс солтүстікқазақстандықтар елордалықтарға концерттік бағдарлама да әзірлепті. Онда өңіріміздің 80- нен астам өнерпазы Астана төрінде қалықтата ән шырқап, мың бұралған бишілеріміз шығармашылығын паш етпек.

 

Тұрсын Молдахметова, СҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бөлім басшысы:

-Филармония әртістері, би ансамбльдері барады. Аудандар өнерпаздары да өз өнерлерін ұсынбақ.

 

Аталмыш жәрмеңкеге жалпы сомасы 103 млн теңге болатын өнім ұсынылмақ. Бұдан өзге орталық алаңда астаналықтар үшін 5 ақшаңқан киіз үй тігіліп, оларда салт-дәстүрлерден қойылымдар қойылмақ.

 

Мағжан Ахмадина