Мәдениет

Роза Бағланованы еске алу кеші

 

 

Айлар, жылдар өткен сайын ерекше дарын иесі Роза Тәжібайқызына деген халықтың сағынышы үдей түсуде. Соған орай “Сағындым, апа, даусыңды” атты еске алу кешіне қонақтар өңіріміздің барлық аудандарынан келді. Көз көргендер оның даусы – жүректен шыққан ғажап үн болушы еді деседі. Қазақ өнерінде қайталанбас із қалдырған тарихи тұлғаны халқы арнайы түсірілген фильм арқылы сағынышпен еске алды. Онда Роза апамыздың өнеріне қысқаша шолу жасалды.

Роза Тәжібайқызы Бағланова – қазақ әншісі, КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы -1922 жылдың 1-қаңтарында Қызылорда облысының Қазалы қаласында туған. 18 жасында Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші  қызметін атқарды. Әнші 100-ден астам елде концерттік сапарда болып, 25 тілде ән айтқан.

Ленин орденімен, медальдармен марапатталған әнші жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен кәсіби өнерінің өркендеп, әлемдік арнаға шығуына үлкен үлес қосты. Роза Бағлановаға арнап 20-шы ғасырдың сазгерлері: Әбіләқат Еспабаев, Бақытжан Байқадамов, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев ән жазған.

Бұл “Сағындым, апа, даусыңды” атты еске алу кешін Роза апамызбен 48 жыл қызмет атқарған әншінің продюсері Қуаныш Абдықалымов ұйымдастырған.

 

Қуаныш Абдықалымов, Роза Бағланованың продюсері:

-Мен Роза Бағлановамен «Қазақконцерт» мекемесінде 48 жыл жұмыс жасадым. Соның ішінде 24 жыл апамыздың қасында етене концертін жүргізіп, ұйымдастырушысы болдым. Апамыздың ең үлкен қасиеті -бұл өнерге берілген адам. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Концерт болатын күні апамызға жолау, бір әңгімеге тарту деген ол тіпті болмайтын дүние еді. Өйткені апамыз концертке бәйгеге қосатын аттай дайындалатын.

 

Роза Бағланова Петропавлға 80 және 85 жасқа толуына орай мерейтойлық концерттермен келген болатын. Содан бері өнердің қаймағын қалқып ішетін теріскейліктер қазақ бұлбұлының дауысын сағынып қалыпты. Қуаныш Абдықалымов солтүстікқазақстандық көрерменнің Роза Бағлановаға деген ықыласы қашан да ыстық болатын дейді.

 

Қуаныш Абдықалымов, Роза Бағланованың продюсері:

-Сол 90 жылдығына байланысты біз Астана, Алматы қаласында және өзінің туған Қызылорда облысында апамыздың еске алу кештерін өткіздік. Мінеки, енді осы өңірден ақсақалдар телефон шалып, Қуаныш мырза, неге біздің елімізде өткізбейсіңдер, біз де апамыздың әндерін тыңдап, өзіміздің тілек сөздерімізді қосқымыз келеді дегеннен кейін, осы СҚО әкімінің атына хат жолдап, ол құпталды. Мінеки, сәті түсіп келіп қалдық.

 

Еске алу кешіне арнайы келген халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов сахна төрінде Отан, халықтар татулығы, жалындаған жастық шақ, махаббат тақырыптарын қамтитын  шығармаларын орындады. Халық әртісі Роза Бағлановамен бірге шыққан шетелдік сапарларын да еске алды.

 

Нұрғали Нүсіпжанов,  Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты:

-Ол кісі өнер жолының ең қиын кездерін ҰОС-сы жүріп жатқан кезде, соғыс алаңдарынан бастады десек өтірік айтпаймыз. Ал, біз кейін соғыстың алдында туған балалар есімізді жиып, ән жолына түскенде сахнада бірге араласып жүрдік. Көп нәрсені үйрендік деп айтуым керек. Оның бәрін жіктеп айта беру мүмкін емес. Жалпы мына сахна шеберлері бірінен-бірі үйрене жүріп мынау ұрпақтар сабақтастығы дейді. Ол бекер айтылмаған. Сабақтастық бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғаса беруі керек.

 

Қазақтың қаһарман қызын елге белгілі әнші Меруерт Түсіпбаева да пір тұтады. Баянауылдың әнші қызы біздің өңірге бірінші рет аяқ басып отыр.

Меруерт Түсіпбаева еске алу кешінде “Қайтадан келмейді көктем”, “Жасай бер, бауырым”, “Ақ жауын” деген ағайын мен бауырды жақындастыратын өз әндерін айтты. Бүгінгі эстрада әншісі қазақ падишасының баға жетпес “Ах, Самара-городок” және “Сен үшін” әндерін 3 жыл бұрын өз репертуарына қосқан.

 

Меруерт Түсіпбаева, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, эстрада әншісі:

-Өмірімде сахнаға сол кісімен 2 рет шықтым. Әрине, ол кісі аңыз, қазақтың бренді, шынын айтса, Сталин, Хрущев тағы да талай-талай біз өмірі көрмеген адамдарды көрген. Президент, хандардың алдында өлең айтқан адам. Ол кісі қайталанбас тұлға. ҰОС-н да басынан кешкен. Қазіргі уақытта біздің әншілер әй сондай қиындыққа дайын емес-ау. Бізге кішкене су суық болса, пойызда қатты жел соқса, әртістердің бәрі жөтеліп, қиналып, біз өйтпейтін едік деп шығады. Өзім де сондаймын. Әй ол кісінің шыдамына, жігеріне ешкім жетпейді.

 

Роза Тәжібайқызы кеңес тұсында қазақ өнерінің өрісін кеңейтіп, өлмейтұғын артынан із қалдырған. Апамыздың әні барда ол ешқашан өлмейді. Адалдық пен парасаттылық, әсемдіктің тұмарындай боп жарқырай бермек. Роза Бағланова 2011 жылдың, 8 ақпанында дүниеден озды. Көзі тірі болса, биыл 91 жасқа толар еді.

 

Берік Қасен