Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының Есіл ауданында жүзеге асырылу барысы

 

 

Есіл ауданының орталығындағы Аяған Шәжімбаев атындағы қазақ орта мектебінің ұжымы он төртінші оқу жылында жас маманмен толықты. «Ауылым -алтын бесігім» деген нақылды берік ұстанатын Біржан Қойшыбаев өзі түлеп ұшқан білім ұясының мұғалімі атанып отыр.

Кәсіби еңбек жолын енді бастап, бір жарым айда өзінің біліктілігімен танылған белсенді маманға бесінші сыныпқа жетекшілік ету ісі сеніп тапсырылған. Сыныбында он бес оқушы. Үштен бірі оқу үздігі. Заманауи тағлым алған ұстаз білім нәрін кілең беске сусындататын шәкірттерінің қатарын арттыруға бел буыпты. Ол үшін бар алғы шарт бойында жетерлік дейді мектеп әкімшілігі

Бүгінде мектепте елу жеті ұлағатты ұстаз үш жүз алпыс оқушыға білгендеріне білім қосуға септесіп жатыр. Тәжірибелі оқытушылар қатарға енді қосылған әріптестерінің шеберлігін шыңдауда аянып қалмаймыз дейді.

Сондай-ақ мектепте алпыс орынға шақталған шағын орталық жұмыс істейді. Мектепке дейінгі тәрбие мекемесі бүлдіршіндерге саналы тағлым беру үшін керек-жарақпен толық қамтылған.

 

Жалпы Есіл ауданына биыл “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасы аясында жиырма жеті жас мұғалім келіпті. Оларға 3 млн. 271 мың теңгенің көтерме ақысы берілген. 15 -і  36,5 млн.теңгеге жеңілдетілген несие рәсімдеп, баспаналы болды.

 

Жеңіс Ермұқанов