Спорт

Облыс каратешілері 13 жүлде иемденді

 

 

Шығыс жекпе-жегі – каратэ-до соңғы кездері өңірімізде қанатын кеңге жаюда. Жыл санап спорттың бұл түріне ден қоюшылардың саны артып келеді.

 

Азат Омаров, СҚО туризм дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары:

-Бүгінде шығыс жекпе-жегіне деген қызығушылық артып келеді. Әсіресе қазіргі таңда каратэ-домен айналысуға ден қойған солтүстікқазақстандықтардың қарасы қалың. Олардың қол жеткізген жетістіктері де жоқ емес.

 

Демалыс күндері облыс орталығында каратэ-додан республикалық сайыс өтті. Оған еліміздің спортшыларымен қатар, Ресей Федерациясының өкілдері де қатысып, өзара мықтыларды анықтады.

Шаршы алаңға бірінші болып ересек топтағы солтүстікқазақстандықтар шықты. Олар облыс чемпионатында үздік көрсеткішке қол жеткізген болатын. Шапшаңдықтары мен ептіліктері жоғары. Оны ресейлік каратэшілер де жоғары бағалап отыр.

 

Сергей Яворский, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры, Свердлов облысы,РФ:

-Біз осымен республикалық турнирге 3-ші мәрте келіп отырмыз. Қазақстандық спортшылардың деңгейі жоғары. Себебі сіздердің елдеріңізде шығыс жекпе-жегі жақсы дамыған. Бізде бұл спорт түрі енді қолға алынып жатыр. Бас жаттықтырушымыздың өзі каратэ-доны Қазақстаннан үйреніп келген.

 

Аталмыш сайыс ката, кумите және командалық кумите секілді каратэнің үш түрі бойынша жүргізілді. Жекпе-жекте теріскейліктерге тең келер қарсылас болмады. Олардың еншісінде 13 алтын, 12 күміс және 10 қола медаль бар. Ал ресейлік спортшылар болса “Жеңіске ерік” сыйлығы, командалық кумите бойынша 2-ші орын және ката үшін кубокты иеленді. Ұйымдастырушылардың доданы өткізудегі көздегені – шығыс жекпе-жегін дамытуды қолға алған клубтар арасында өзара ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасу.

 

Максим Ярмаков, катадан республикалық «Жекпе-жек» турнирінің жеңімпазы, РФ:

-Қарсыластарымнан үйренерім көп. Олардың сайыстарынан өзімнің қандай тәсілдерден осал екендігімді аңғардым. Алдағы уақытта мұндай олқылықтарға жол бермеуге тырысамын.

 

Бұл жолы республикалық турнирде 50-ден астам спортшы бақ сынады.

 

Самат Есмағи