ТЖ

Құтқарушылардың кәсіби мерекесі

 

 

Асылбек Ахманов үшін қобалжулы сәт. Оның көптен күткен арманы бүгін орындалды. Жас құтқарушы еліне адал қызмет атқарамын деп ант берді.

 

Асылбек Ахманов, СҚО ТДЖ №1 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі:

-Бүгін ант қабылдап жатырман. Қуаныштымын. Антыма адал қызмет атқаруға серт етемін.

 

Кейін жиналғандар назарына өрт сөндіру бөлімдерінің техникалық мүмкіндіктері көрсетіліп, арнайы көрме ұйымдастырылды. Ол жерден тілсіз жаумен күресуге арналған ертедегі көне және жаңа құрылғыларды көруге болады. Заманауи техниканың өрт сөндірушінің ауыр да жауапты міндетін сәл де болсын жеңілдетуге септігі бар. Бүгінде бұл салада 1000-ға жуық азамат еңбек етеді.

 

Павел Филиппов, СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

– Жыл сайын біздің қызметкерлер 700-ге жуық төтенше жағдайды ауыздықтап, 250 млн. теңгенің материалдық құндылығын сақтап қалады. Бір жылда құтқарушылар тәуекелге бел буып, 300-ден астам адамның өміріне араша түсті. Бұл жігіттердің антқа адал, сертіне берік екендігін көрсетеді.

 

Тұрғындардың амандығы үшін жанын аямай отпен арпалысатын құтқарушыларды облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтады.

 

Фархад Қуанғанов,СҚО әкімінің орынбасары:

-Төтенше жағдай қызметі бұл өте маңызды қызметттердің бірі. Сондықтан осы жауапты күні барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймын.

 

Құтқарушылар үшін келіп түскен әрбір қоңырау маңызды. Олар күн-түн демей, адамды су мен өрттен, қар құрсауынан да алып шығаруға әзір болулары қажет. Бүгін сондай маңдайалды мамандардың бірі – Қайрат Сәбитов облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Биыл ол судан 30 адамды құтқарған. Мұндай мәртебелі марапат мақтаныш оятады дейді.

 

Қайрат Сәбитов, СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің сүңгуірі:

-Облыс әкімінің алғыс хатын алғаныма өте қуаныштымын. Бұл жаңа белестерді бағындыруыма септеседі.

 

Бұл күні марапатқа ие болғандардың қатарында қала тұрғыны Алексей Трушков та бар. Естеріңізге сала кетейік, қазанның 9-нда Жамбыл көшесіндегі 12-ші үй өртенгенде 2 баланы осы азамат аман алып қалды. Өкінішке қарай, қалған екеуі от ортасында қаза тапты. Ержүрек Алексей Трушков облыстық ТЖД басшысының құрмет грамотасымен марапатталды.

 

Алексей Трушков:

Мен үйде отырғанмын. Жарылысты естіп, бірден бір бәленің болғанын жүрегім сезді. Атып тұрып қарасам, көрші үй жанып жатыр. Бірден өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, іштегі балаларды құтқаруға ұмтылдым. Қиын жағдайда көмектесу – әр адамның парызы деп ойлаймын.

Салтанатты шара концертке ұласты.

 

Мағжан Ахмадина