Мәдениет

Облыстық қуыршақ театрында 24-ші театр маусымының шымылдығы көтерілді

 

 

Ертегінің басты кейіпкері – кішкентай қыз Ян Бикеш. Оны жалғыз тәрбиелеп отырған әкесі Асан көрікті келіншек Сылувты кезіктереді. Мыстан әйелдің арбауына түскен Асан оны құлай сүйеді. Ол мені сүйсең қызыңды таста дейді. Сөйтіп, әкесіне қызын орманға апарудан басқа амал қалмайды. Ян Бикештің рөлін қуыршақ театрының актрисасы Айгүл Кенжеғузина-Хасенова сомдады.

 

Айгүл Кенжеғузина-Хасенова, облыстық қуыршақ театрының актрисасы:

-Бұл оқиға сүйіспеншілік пен достық және зұлымдық арасындағы арпалысты бейнелейді. Менің кейіпкерім Ян Бикешке әкесін табуға серіктері сайғақ пен қасқырлар көмектеседі. Кейін Асан барлық қателігін түсініп, Сылувтың шындығында жезтырнақ екенін көріп одан ат-тонын ала қашады. Қызы әкесін кешіріп, екеуі табысады.

 

8 актер ойнаған қойылым 1 сағатқа созылды. Сюжеті күрделі болғанмен, астарында терең ой жатыр. Десе де әртістер кішкентай көрермендерге бар идеяны қонымды жеткізе білді. Ертегінің балаларға ұнағаны соншалық, олар таңданыстарын жасырған жоқ. Қасқыр екеш қасқыр да өз күшігін далада қалдырмайды, адамзат та өз бауыр еті баласынан бас тартпауы қажет.

 

Қуандық Қасымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

-Премьераның тақырыбының өзі балаларға тәрбие береді. Ересектерге ой салады. Өйткені, қазіргі заманда баласын тастап кеткен, қартайған әке-шешесін Қарттар үйіне тапсырғандар бар.

 

Бұл – қойылым қуыршақ театры әртістерінің сәтті шыққан жалғыз спектаклі емес. Олардың қоржындары үздік сахналаған туындыларға бай. Алдағы жоспарлары да ауқымды екен.

 

Спартак Рамазанов, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

-Жақында Ақтөбе мен Алматыда өткен халықаралық байқауларға қатысып келдік. Болашақта қарашаның 25-27-сі аралығында халықаралық “Ортеке” фестивалі болады. Соған дайындық үстіндеміз.

 

Премьераның қойылуымен Қуыршақ театрының әртістерін әріптестері құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, облыс әкімінің ықылас гүлі тарту етілді. Ал, Айгүл Кенжеғузина-Хасенова мен Сапар Мәпенов мәдениет саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін “Мәдениет үздігі” медалімен марапатталды.

 

Данаш Хамзина