Ауыл шаруашылығы

Облыста үздік орман пайдаланушы байқауы басталды

 

“Ахмутдинов” ЖК – өңіріміздегі озық ағаш өңдеуші кәсіпорындардың бірі. Сондықтан болар өзгелері үлгі тұтатын өндіріс ошағында үздік орман пайдаланушы байқауы ұйымдастырылды. 12 жыл бойы табиғи шикізаттан түрлі шаруаға жарар бұйымдар жасайды. Отын дайындап, құрылыс материалдарын әзірлейді. Өндіріс қалдықсыз. Биылдан кәсіптері жетілдіріліп еуро отын әзірлейтін зауыт құрылысын бастапты.

Кәсіпорын жылына 30 мың текше метр ағаш кеседі екен. Тамырына балта шабылғандардың орнына екі есе артық жасыл желек отырғызады. Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында өрт қауіпсіздігі ережелері толықтай сақталады. Пайдаланған табиғатты сақтауға қажетті техника жеткілікті. Арнайы өрт сөндіру көлігі де бар. Шаруашылықта 25 адам еңбек етеді. Қарамағындағылардың әлеуметтік жағдайы да насарсыз қалып жатқан жоқ. Сауықтыру орындарына жолдама беріліп тұрады. Биылдың өзінде ғана баспанаға зәру қызметкерлерге 11 пәтерлі 7 үй салынған.

Жалпы байқауда өңіріміздегі 27 орман пайдаланушы шаруашылықтардың 17-сі сынға түсті. Оның төртеуі “Ақан сері” мемлекеттік орман шаруашылығына қарасты Ғабит Мүсірепов ауданының кәсіпкерлері. Аудан қорындағы тоғайдың тең жартысы солардың игілігіне беріліпті.

Жалпы тоғайлы өлке ағаштарының 5/1 орман пайдаланушыларға түрлі мерзімге жалға берілген. 10-нан 49 жылға дейін. Жылына бекітілген келісімге сәйкес ағаштың 500 мың текше метрі өңделеді екен. Шамамен 40-қа тарта дайын өнім шығарылады. Сайыскерлер 10 жылда қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті. Өйткені бұл байқау тоғайлар жалға берілгелі елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сынға түсушілерді салтанатты түрде облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев құттықтап, сәттілік тіледі.

 

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

Президент жолдауында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды тапсырды. Сондықтан ағаш өңдеуде қалдықсыз жұмыс жасап қана қоймай, кесілген орманның орнын толтыруға үлкен көңіл бөлу керек. Кәсіптеріңізді жетілдіре түсудің озық технологияларын барынша ендірген жөн.

 

Байқаудың келесі кезеңі қазанның 25-сі күні Есіл ауданында өтеді. Онда орман пайдаланушылар шеберлік алмасып, шығармашылық сында ерекшеліктерін танытатын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов