Аптадағы маңызды жаңалықтар

Емханалар құрылысының қарқыны баяу

 

 

Есіл ауданында күніне 250 адамды қабылдай алатын емхана тұрғызылып жатыр. Бұл заман талабынан бұрын халық сұранысынан туған мұқтаждық. Мұндағы орталық аурухананың іргетасы 1901 жылы қаланыпты. Соңғы салынған корпустарының өзіне жарты ғасыр болған. 25 мыңнан артық есілдікке медициналық қызмет көрсетуде тарлық етеді.

 

Назар Туралинов, Есіл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

– Біздің ғимараттар жаңа талаптарға жауап бермейді. Түрлі дерттерден шипа іздегендер ұзын-сонар кезекте кептелуге мәжбүр. Емхананың іске қосылуымен бұл мәселе шешілетін болады. Озық үлгідегі заманауи медициналық құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп қойдық. Биыл үш жас маманмен толықтық. Екеуі келесі жылы келеді. Қажетті дәрігерлерді өз есебімізден оқытып жатырмыз.

 

Бір сөзбен толық медициналық қызмет көрсетіледі. Науқасты ерте бастан анықтау қамында бой көтеріп жатқан жаңа нысанның құрылысы өткен жылдың шілде айында басталған. Бар жұмыс астаналық “Diamir” құрылыс компаниясына тапсырылыпты. Шаруа басында 80 адам еңбек етуде. Елордалық бас мердігер межеленген кестеге ілеспей келеді. Жоспарға сай денсаулық сақтау мекемесі халық игілігіне жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс. Ғимарат негізі тұрғызылғанымен, әлі атқарылар іс бастан асады.

 

Сергей Репринцев, “Diamir” құрылыс компаниясы” ЖШС прорабы:

– Қабырғаларды сылап қойдық. Қазір еденді құйып жатырмыз. Шатырды көтеруді аяқтауға тәмамбіз. Ауланы абаттандырып, қас бетін тіктеуді бастадық. Кейін ішкі әрлеу жұмыстары қалады. Инженерлік желілер тартылды. Тек қосу керек. Қосымша мердігерлерді шақырттық. Бұл қарқыннан таймасақ, жоспарға сай қолданысқа береміз.

 

Жалпы облысымыздың 4 ауданы  орталығында осындай типтік емханалар салынып жатыр. Бәрінің де құрылысы сәл тежелуде. Емдеу мекемелерінің жалпы жобалық құны 4 млрд теңге. Бүгінде бағытталған қаржының тек 840 млн. теңгесі ғана игеріліпті. Құрылыс басқармасының мамандары жоспардан қалыстаудың өзіндік себептері бар дейді.

 

Ратмир Усманов, СҚО құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Бар гәп өткен жылы бөлінген қаржының игерілмеуінде. Биыл оның орнын толтыру үшін құрылысшылар 5 ай жұмсады. Барлық емханалардың құрылысы бір уақытта басталды. Құрылысқа аса қажетті темір-бетон бұйымдарын тасымалдаушылар бәрін бірдей қамтуға үлгермей жатыр.

 

Ратмир Усмановтың айтуынша, биыл қалай дегенде бөлінген қаржы толығымен игеріледі. Ол үшін жұмыс күші ұлғайтылды. Әр күнде атқарылатын шаруаның нақты жоспары құрылған. Нысандарда басқарма мамандарының қатысуымен шұғыл кеңестер ұйымдастырылады. Туындаған мәселе бірден шешімін тауып жатыр. Емханалардың құрылысы облыс әкімінің жіті бақылауына алынды.

 

Жеңіс Ермұқанов