Өнеркәсіп

“Изолитте” шығарылатын өнімнің 80 пайызы экспортталады

 

 

“Изолит” ЖШС-нің өнімі теміржол, электр станцияларында және металлургия саласында кеңінен пайдаланылады. Кәсіпорын шығаратын тауардың 70-ке жуық түрі ішкі ғана емес, шетел нарығында да сұранысқа ие. Жоғарғы сапалы электр оқшаулағыш материалдар мына цехта дайындалады. Жұмыс қызу жүріп жатыр. Цехта 20 адам еңбек етеді. Олар бір күннің ішінде миканиттің 200 келісін дайындау керек. Оның бір табағының салмағы шамамен 320 гр-ға жетеді. Сонда жұмысшылардың әрқайсысы күніне 10 келі оқшаулағыш материал дайындайды. Людмила Анохинаның бұл серіктестіктегі еңбек өтілі 32 жылды құрайды. Аға желімдеуші жұмысым өзіме ұнайды дейді.

 

Людмила Анохина, “Изолит” ЖШС аға желімдеушісі:

– Мен мұнда желімделген миканиттің сапасына жауап беремін. Әрқайсысын мұқият қараймын. Егер сапасы жақсы болмаса, оны бөлек алып қоямын. Дұрыс желімделмей, қажетті салмақтан көп немесе аз болса, шеберлерге қайтарып беремін.

 

Ал, мына цехта лак сіңірілген мата шығарылады. Күніне мұнда аталған өнімнің 1000 метрі дайындалады екен. Бұл кәсіпорында дайындалған өнімнің бәрі мына зертханада тексерістен өтеді.

 

Татьяна Варакшина, “Изолит” ЖШС техникалық бақылау бөлімінің басшысы :

– Дайын өнім осында жеткізіледі. Зертханада электр оқшаулағыш материалдардың сапасы тексеріледі. Содан кейін  ғана өнімді сатуға шығаруға болады.

 

Кәсіпорында жыл басынан 340 млн теңгенің электр оқшаулағыш материалдары дайындалыпты. Бұл жоспардың 68 пайызы. Жыл соңына дейін тағы 160 млн теңгенің өнімі шығарылады.

Ал, электр оқшаулағыш материалдарға қажетті шикізат Үндістан, Қытай, Ресей мемлекеттерінен жеткізіледі екен. Жыл басынан өнім сапасын арттыру мақсатында зауыт екі құрылғыны сатып алыпты.

 

Валентина Золотарева, “Изолит” ЖШС коммерциялық директоры:

– Біз қазір иілгіш шынымиканит дайындалатын жерде тұрмыз. Бұл цех биыл толығымен жаңғыртылды. Оған 2 млн теңге қаражат жұмсалды. Жаңа техниканың арқасында иілгіш шынымиканит сапалы әзірленуде. Миканит дайындалатын жерде де біз жаңа жабдық орнаттық. Оған 3 млн теңгедей қаражат жұмсалды.

 

Бүгінде “Изолит” серіктестігі өнімнің сексен пайызға жуығын сыртқа шығарады. Сондықтан кәсіпорындағылар Кедендік одақ бизнестің өсіп-өркендеуіне зор серпін беруде дейді. Және зауыт мамандары арнайы оқу курстарынан өту үшін Ресейге барып тұратын көрінеді.

Бану Ахметова