Балалар

Оқушылар қаланы абаттандыру туралы жобаларын ұсынды

 

 

“Менің қалам, менің ұсынысым және менің әрекетім” конференциясына қатысып жатқан оқушылар туған қалаларын барынша көркейтуге қатысты идеяларын құр сөзбен жеткізіп жатқан жоқ. Мінберге шығып, сөз сөйлеген жеткіншектер қолдарынан келгенше туған өлкелерін абаттандыруға үлес қосқан. Нақтырақ айтқанда, арнайы жоба құрып, оның аясында көпқабатты үйлердің тұрғындарымен бірлесіп, аулаларды жөнге келтіріпті. Бұл игі бастаманы “Томирис” қалалық гендерлік клубы қолға алған.

 

Әйгерім Жазитова, “Томирис” қалалық гендерлік клубы” ҚБ мүшесі:

-Негізінен конференцияға мектептерден белсенді деген оқушылар келді. Және олар бүгін қатысып қана қоймай, мектепке барғасын өзінің атынан тағы да достарын, серіктестерін қала өміріне белсенді араласуы үшін шақырады.

 

Жастар конференциясын ұйымдастырушылар әсіресе, “Жас Ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының белсенділері ұсынған жобаны ерекшелеп отыр. Жасұландықтар “Береке” мөлтек ауданындағы бір үйдің ауласын толығымен абаттандырған.

 

Роман Гиричев, “Жас Ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының белсендісі:

-Өзіміз құрастырған жоба аясында бір ауланы ғана 1 ай көлемінде қалыпқа келтірдік. “Береке” ықшам ауданындағы Гагарин, 5 мекен-жайында тұрғындардың көмегімен аулада өсіп кеткен шөптерді шаптық, ескірген әткеншектерді ауыстырып, маңайды сырладық. Көліктерге жеке тұрақ жасадық. Жалпы балалар ойнайтын аулада қыруар іс тындырдық. Аулаға жаңаша көрік бердік десем де болады.

 

Конференцияға 6 қалалық жастар ұйымы өз жұмыстарын ұсынды. Жыл санап олардың саны еселеп артуда. Бұл – жастардың әлеуметтік белсенділігі мен олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін көрсетсе керек.

 

Берік Қасен