Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жылу берушілердің жұмысын сынға алды

 

 

Аппараттық кеңесте облыс әкімі Самат Ескендіров алдымен өңірдегі қысқы жылыту маусымы жайлы сұрады.

 

Антон Федяев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының жетекшісі:

-Қысқы жылыту маусымы облыс бойынша жаппай жүріп жатыр. Барлық әлеуметтік нысандар орталық жылыту желісіне қосылды. Бұл жұмыс екі апта көлемінде жүрді. Аудандарда да мәселе жоқ. Бұл жыл сайынғы шара.

 

Алайда облыс әкімінің виртуалды қабылдауына жылусыз отырған тұрғындардан түсіп жатқан арыздардың қарасы қалың. Өңір басшысы солардың біріне тоқталды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-“Қалада тұрып жатқаныма талай жылдың жүзі. Жылусыз, жарықсыз отырып, пеш жаққан кезіміз есімде. Сол уақыттардың қайта оралатынын ойламап едім. Сынап бағанасы 0-ден төмен түсіп кеті. Ал бізге әлі жылу берген жоқ. Егер шараларды қолға алмасаңыз, атқарушы билікке деген сенімім жоғалады”.

 

Самат Ескендіров облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына жағдайды сараптап, тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.

Кеңесте сонымен қатар өңірдегі төтенше жағдайлар, қылмыстық ахуал тыңдалды. Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің, облыстық статистика басқармасының, облыстық монополияға қарсы инспекция, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық инспекциясының жетекшілері өз салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар облыс әкімі білім, денсаулық сақтау, санитарлық-эпидимиологиялық жағдай жайын да сұрастырды. Өңірдегі құрылыс саласы да назардан тыс қалған жоқ. Самат Ескендіров облыстық құрылыс басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Ратмир Усмановқа бірқатар нысандардың құрылысына қатысты ескертулерін жасады. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы әсіресе халықтан түсіп жатқан арыз-өтініштерді елеусіз қалдырмай, дер кезінде жауап беру қажеттігіне екпін түсірді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Барлық ведомство басшылары өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы есеп берді. Жағдай тұрақты. Жыл соңына дейін 2 ай ғана уақыт қалды. Сондықтан барлық салалар бойынша жағдайды бақылауда ұстап, тиісті іс-шараларды одан әрі жалғастыру керек. Бейжайлық танытпай, әр жетекші жыл аяғына дейін атқарылуы тиіс жұмыстарды жоспарға сай жүргізгені абзал.

 

Өңір басшысы келесі аптада Астанада өтетін Солтүстік Қазақстан облысының күндеріне мықтап дайындалуды тапсырды. Шара аясында елордада жәрмеңке ұйымдастыру жоспарлаған.

 

Гүлмира Шоқтыбаева