Бизнес және экономика

Статистика департаментінің мамандары өткен 9 айды қорытындылады

 

Өткен 9 айда тіркелген ішкі өнім өсімінің негізгі бөлігі өндіріс ошақтарына тиесілі. Облыстың кәсіпорындары 107,3 млрд. теңгенің тауарын шығарған. Әсіресе, азық-түлікке жарамды шикізатты өңдеу жағы дамып келеді. Бұл – бар жергілікті тауардың 75,7% құрайды. Астықты өлкенің агроөнеркәсіптік кешені де кіріс көлеміне біршама үлесін қосқан. Өсімдік және мал шаруашылығы әлеуетінің артқаны байқалады.

 

Ольга Перепечина, СҚО статистика басқармасының басшысы:

– Ауыл шаруашылығы саласында 193,4 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. 70,1 мың тонна ет, 383,7 мың тонна сүт, 384,9 млн дана жұмыртқа саудаланды. Қара мал басы 7,2% , құс 8,4% өсті. Жалпы республика бойынша ауыл шаруашылығының дамуы бойынша облыс 2-ші орында келеді.

 

Құрылыс қарқыны да жаман емес. Жыл бойына 18,5 млрд теңгенің нысандары қаланыпты. 59 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй қолданысқа берілді. Жұмыссыз жүрген еңбекке жарамды жерлестеріміз 5,2 пайызға дейін азайған. Десе де 17 мыңнан артық солтүстікқазақстандық екі қолға бір күрек таба алмай әлек. Еңбекақы 8 пайызға жоғарылаған. Өстіп орташа жалақы 72.992 теңгеге жетіп отыр. Ауыл еңбеккерлерінің табысы 13,9 пайызға өскенімен әлі де облыста ең төмен бағаланатын жұмыс түрі саналады. Ең жоғарғы табысты қаржыгерлер мен сақтандыру компанияларының қызметкерлері алатын көрінеді. Олардың айлықтары шамамен 113 мың теңгені құрайды.

 

Ольга Перепечина, СҚО статистика басқармасының басшысы:

-Орман және балық шаруашылығы қызметкерлері жалақыны биыл 13,9 % артық алатын болды. Өндіріс ошағындағылардың еңбегі 17%, құрылысшылар мен ақпарат және байланыс саласындағылардың айлығы 12,5% өсті. Десе де ел көлемінде жалақы бойынша әлі де соңғы орындарда тұрақтаудамыз.

 

Кіріспен қатар, жерлестеріміздің шығыны да артып келеді. Бөлшек сауда-саттық 130 пайызға артқан. Пайда қуған алып-сатарлар сұранысты пайдаланып, халық көп тұтынатын бірқатар тауар бағасын қымбаттатыпты. Түрлі қызметтер мен дайын өнім  2,5 пайызға өсті.

 

Ольга Перепечина, СҚО статистика басқармасының басшысы:

– Темекі мен теңіз өнімдерінің құны 7 – 15 % ұлғайтылды. Спирттік ішімдіктер, қант, сүт, ұн, ет, кондитерлік өнімдер және жеміс-жидек сатып алуда сәл өсім байқалады. Түрлі қызметтер орта есеппен 4,1% қымбаттады.

 

Санақшылар келтіріп отырған енді бір мәліметке сүйенсек, орташа айлық күнкөріс шегі 17840 теңгені құрапты. Оның 10 мың теңгеден артығы азық-түлікке жұмсалса, қалғаны қызметтерді өтеуге кетіпті. Демографиялық жағдайға келсек, өлке тұрғындары 4 мыңға азайыпты. Өңірімізді қоныстанудан, өзге аймақтар мен шетелдерге көшіп-қону жағы басым түсіпті. Туу көрсеткіші 1,7 пайызға кем, өлім-жітім де соншаға аз тіркелген. 3 мыңнан астам жас жанұя құрылғанымен, тең жартысында отбасы шырқы бұзылып, ажырасуға мәжбүр болған.

 

Жеңіс Ермұқанов