Қоғам

Құрбан айт мейрамы басталды

 

Бұл мейрамды жүние жүзінде 2 млрд-қа жуық мұсылман тойлайды. Берекелі мереке   айт намазымен ашылады. Айт намазы әр жердің жергілікті уақыт ерекшелігіне байланысты, яғни, күн көкжиектен көтерілген кезде оқылады. Ол уақыт – бізде таңғы 8. 30. Қалың мұсылман қауымын облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Құрбан айт күні бүгін барша еліміздің мешіттерінде мыңдаған халық айт намазына жиналып отыр. Бүгінгі жағдай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың арқасында тәуелсіздік алғаннан бері келе жатқан үлкен дәстүрге айналып, бүгінгі күні елімізде құрбан шалынып, ата-баларымызды еске алуға дұға оқылып жатады. Барлығы қабыл болсын. Жалпы, Қазақстанымызда, түкпір-түкпірдегі мұсылман қауым, басқа ұлттардың арасында да татулық жалғаса берсін. Баршаңызға аманшылық тілеймін. Денсаулық, жақсылық. Еліміз көркейе берсін.

 

Құрбан айтының алғашқы таңын мешітте қарсы алуға жиылған жамағат намазға жығылды.

Ұлыстың ұлыс күнінде 1500 орынға арналған мешітте ине шаншар жер болмады. Үлкен залға сыймағандары кіре берісте де жайғасты. Бұл жерде ең бастысы орын емес, ішкі көңіл, шын пейіл мен ізгі ниет. Тек Құрбан айт күндерінде ғана емес, жұма сайын да Алла үйіне халық көп келеді дейді дін қызметкерлері. Ол жүректегі имандылықтың барын білдірсе керек.

 

Аян Алыпқашев, “Қызылжар” орталық мешіті бас имамының міндетін атқарушы:

-Бүгін ақ түйенің қарны жарылатын ұлық болған күндердің бірінде еңкейге қариядан бастап, еңбектеген сәбиге дейін ақ дастарханда жиналып, Құрбан айт күнінде құрбан дәмінен дәм татып, Аллаһ тағаланың разылығы үшін құрбан шалып, өздерінің ақ тілектерін, дұғаларын, халықтың амандығын, еліміздің амандығын, тыныштығын тілейтін күндердің бірі.

 

Бұл күні Аллаға иман келтірген, Пайғамбарды хақ деп білген әрбір мұсылман екі алақанын жайып, Аллаһ тағаладан жалбарынып дұға тілейді. Өйткені, “құрбан” сөзінің өзі “жақындау” дегенді білдіреді. Яғни, адамдар амалдарымен, құлшылықтарымен және шамасы жеткенше құрбандық шалып Жаратушыға барынша жақындауға тырысады.

Әбішевтер отбасының Ресейден атамекеніне оралғанына 15 жылдан асқан. Келгелі құрбан шалуды үзген емеспіз дейді отағасы. Олар бүгін немересі Серікті де ерте келіпті.

 

Сабыржан Әбішев:

-Таңертең дайындалып Құрбан айтына, намазға келіп отырмын немеремді бірге алып. Негізі Ресейдің Түмен облысынан келген қазақпын. Не ауызашар, не құрбан шалуды да қалдырып көрген емеспін.

Сағила Әбішева:

-Құрбан айтымыз қабыл болсын. Елімізге тиыштық болсын. Баршамыз аман болайық. Қайтқандарға Алла тағала иман болсын. Алла тағала жылда осылай Құрбан айтын тойлауға жазсын.

 

Бұл күні мұсылман жамағат бауырластарына игі тілектерін төгілтті.

Құрбан шалу дәстүрі сонау Адам ата кезінен бастау алады. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қасиетті дәстүрдің маңызы зор. Сойылған мал етін мұқтаждарға таратуда сауабы молынан. “Қызылжар” орталық мешітінің азаншы имамы Азамат Сәрсенов құрбан шалудың шарттарын тағы бір еске салды.

 

Азамат Сәрсенов, азаншы имам:

-Түйе, сиыр, қой, ешкі – осы малдардан шалынады. Қой-ешкі бір жылдық болуы керек немесе алты айлық кезінде семіз болса, ол да жарайды. Сиыр екі жасар болуы қажет. Сиырды 7 адам бөліп сояды.

 

Бұл күндері дастархан жайып, мейірім танытып, қайырымдылық жасауды да ұмытпаған жөн.

 

Данаш Хамзина, тілші:

-Құрбан шалу айт намазы оқылғаннан кейін үш күн бойы қараңғы түскенше жүзеге асырылады. Құрбандық шалу кезінде адамның ішкі ниеті, шын пейілі, діни бекемдігі, тәқуалығы сынға түседі. Бұл күндері мұсылманның ақ ниеті, таза тілегі қабыл болсын. Құрбан айт мүбәрак болсын.

 

Данаш Хамзина