Қоғам

“Әлем біз үшін”

 

 

Тәрбиелік бағыттағы ашық сабақ қызықты өту үшін мұғалім оқушыларды 3 жұмыс тобына бөлген. “Әлем біз үшін” тақырыбының идеясын барынша ашу мақсатында балаларға толықтай шығармашылық еркіндік берілді. 5 оқушыдан құралған әрбір топ тақырыпқа сай сурет салды, ермексаздан өз символдарын жасап шығарды. Тағы бір топ тақырып аясында коллаж жасады. Шығармашылықтарын танытып, өз ойларын қағаз бетіне түсіріп жатқан оқушылардың арасында мүмкіндігі шектеулі балалар да бар. Мұғалімдердің айтуынша, осы іспеттес топтық жұмыста жарымжан балалар өздерін өзгелермен тең сезінеді.

 

Әсем Құлыбекова, Қожаберген жырау атындағы № 6 ОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

-Бұл тәрбие сағатының мақсаты: бүкіл дүние жүзіндегі, әлемдегі балалардың барлығының құқығы тең деген мағынадағы қайырымдылық, ізеттілік сияқты адами құндылықтарды балалардың бойына дарыту. Біздің мақсатымыз сол балаларды шет қақпай, барлығымыз 1 шаңырақтың астында ортақ, тату-тәтті өмір сүру.

 

Қожаберген жырау атындағы №6 ОМ-де бүгінде мүмкіндігі шектеулі 7 оқушы білім алуда. Десе де, білім ордасының оқушылары “Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз” деген қағиданы мықтап ұғып алған.

 

Жанболат Қабдошов, Қожаберген жырау атындағы № 6 ОМ оқушысы:

-Біз мүгедек балаларды өзімізден кем санамауымыз керек. Олар бізге дос боп саналады. Оларға әрқашан мейірім, адамгершілік қасиеттер біздің бойымыздан табылып отыру керек.

 

Дарина Габдулина, Қожаберген жырау атындағы № 6 ОМ оқушысы:

– Сау балаларды және ауру балаларды бірдей деп санау керек. Оларды кемсітуге болмайды. Болашақта осы әлемді біз түсініп, мүмкін ешкім бір-бірін кемсітпей, бәрі жақсы болатын шығар.

 

Болашақ – балалардың қолында. Осы сынды тәрбиелік мәні зор ашық сабақтар өңіріміздің барлық білім ошақтарында өтуде.

 

Берік Қасен