Қоғам

Чернобыль мүгедектеріне қоғамдық қор сыйлықтар тапсырды

 

 

Мына жердегі егде жастағы ер азаматтар 1986 жылғы Чернобыль атом электр станциясындағы ядролық апатты залалсызландыруға қатысқан. Сол кезде олардың жасы 20-30 дар шамасында болған. Кейбіреуі әскерде Отан алдындағы міндетін атқарып жүрген. Ал бірі отау құрып, балалы болған. 2 баланың әкесі Науан Валяхметов  Украина еліне СҚО-дан аттанған. Содан бері талай уақыт өтсе де, ядролық жарылыстың болғаны әлі есімде, кесірін де тартып жүрмін дейді.

 

Науан Валяхметов, “Чернобыль одағы” ҚБ мүшесі:

-Масқара, барлық ауылдар бос, ең аяқты шыбышық та ұшпайды. Адамдар үйлерін, нәрселерін тастап кеткен. Суды ішуге, бақта өсіп тұрған алмаларды жеуге жарамайды. Бізге тамақты пойызбен алып келетін. 6 ай болып келдім. Алла сақтасын, мұндайды ешкімнің басына бермесін.

 

Ал, Борис Науменко апат ошағында 20 күн болған. Сонда алған радиация денсаулығына молынан нұқсан келтірген. Кесірінен үстіміздегі жылы қаңтарда ота жасатыпты. Соның жарасы әлі күнге дейін жазылмапты.

 

Борис Науменко, “Чернобыль одағы” ҚБ мүшесі:

-Мен 1988 жылы сәуір айында шақырту алдым. Чернобыльда машина залында тәулігіне 3 минуттан жұмыс істедік. Ал, ашық аспан астында жұмыс жасағандар 5 минут болды.

 

Ядролық жарылыстың орын алғанына биыл 27 жыл толды. Ал, апат орындарында құтқару шараларына қатысып, денсаулықтарынан айырылған жерлестеріміздің қатары жыл санап сиреп барады. Бүгінде ядролық апатты ауыздықтаған 3 мың-ға жуық солтүстікқазақстандықтың 380-і ғана тірі. Көпшілігі мүгедек болып қалған.

 

Борис Науменко, “Чернобыль одағы” ҚБ мүшесі:

-Чернорбыль апатын ауыздықтауға Қазақстаннан 85 мың азамат шақыртылған. Өткен жылдың санағына сүйенсем, одан 11 мың адам ғана қалған. Олардың 8 мыңы мүгедек. Бұрынғы Көкшетау облысының аудандарын қоспағанда, біздің өңірден 3 мыңнан астам адам шақыртылды. Ал қазіргі таңда Көкшетау маңындағы аудандардың барлығын қоса есептегенде көзі тірі 380 адам ғана қалып отыр.

 

Чернобыль апатын залалсыздандыруға атсалысқан 150 жерлесіміз “Біздің жеңіс-Наша победа” қоғамдық қорынан 2 айда 1 мәрте көмек алып отырады.

 

Андрей Кошелев, “Біздің жеңіс-Наша победа” қоғамдық қорының президенті:

-Біз Чернобыль АЭС апатты ауыздықтап, зардаптарын жоюға атсалысқан 150 азаматқа азық-түлік салынған пакеттерді таратып жатырмыз. Сонымен қатар, олардың дәрі-дәрмек пен ортопедиялық құралдарға деген сұраныстарын уақтылы қанағаттандыруға тырысамыз.

 

1991 жылы “Чернобыль” одағының СҚ облыстық мүгедектер бірлестігінің мүшелігінде 500 адам тұрған. Қазір олардың 150-і ғана қалған. Юрий Лошкаревтың айтуынша, жыл сайын апат орнында болған 8-10 адам қатерлі ісік ауруының салдарынан өмірден озады.

 

Юрий Лошкарев, “Чернобыль одағы” ҚБ СҚОФ төрағасы:

-Біздің одақтың қарамағында тұрғандардың 99 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар. Мен өңіріміздегі мүгедектерді халықаралық мерекемен құттықтап, оларға денсаулық пен шыдамдылық тілеймін.

 

Чернобыль атом электр станциясындағы ядролық апатты залалсызландыруға қатысқандар осыған дейін троллейбус, автобустарда ғана тегін жүріп келсе, шілде айынан олар барлық бағыттағы қоғамдық көліктердің қызметін тегін пайдалану құқығына ие болды.

 

Берік Қасен