Бизнес және экономика

Жергілікті өнімдерге сұраныс мол

 

 

Нан, сүт, шұжық, кондитерлік өнімдер  – халық көп тұтынатын азық. Сөрелерге жайылған бұл тауар түрлері өңір дүкендерінде толып-ақ тұр. Сұраныстың молдығынан әрине. Импортпен қатар жергілікті ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеушілердің төл өнімдері де пышақ үстінен өтіп жатыр.

 

Татьяна Викторова, «Северный-2» супермаркетінің аға сатушысы:

– Біз өңірдің әр кәсіпкерімен әріптестік орнатуға әзірміз. Өнімдеріне деген сұраныс жақсы. Жаңа ұсыныстар болса, қуана қабылдаймыз. Тапсырыс беруге мүмкіндігіміз бар.

 

Отандық тауар өндірушілердің өнімін өткізуге бірінші кезекте ден қоюды Елбасы баса айтқан болатын. Бұл тапсырыс өңірімізде сәтті жүзеге асып жатыр. Бүгінде жергілікті кәсіпкерлердің қызметін өлкенің әр сауда нүктесінен көруге болады.

 

Қанат Шамсутдинов, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бас маманы:

– Жуырда тауар өндірушілер мен сауда нүктелерінің басшыларын жиып кеңес өткіздік. Осының аясында екі жақ келісімге келді, оған дейін бірнеше кеәсіпкер сөрелерде өнімін қоюға жер жоқ деп шағымданған. Қазір бұл олқылық түгелдей шешілді. Осыған қатысты өзге де өтініштерді қанағаттандыруға септесетін боламыз.

 

«Молочный союз» кәсіпорыны сүт өнімдерінің 55 түрін шығарады. Саудалау жағы да оң жолға қойылған. Өндірісін жақсы жолға қойған серіктестік қызмет аясын арттырып, іргесін кеңейтуді көздейді.

 

Владимир Назаренко “Молочный союз” ЖШС өткізу бөлімінің бастығы:

– 2 ай бұрын біз жұмсақ қаптамадағы сүт шығара бастадық. Кәсіпкерлік басқармасының көмегімен жаңа өнімге сауда нүктелерінде қосымша орындар бөлінді. Осының арқасында сүттің таралуы 60 пайызға артып отыр. Алда тағы жаңа ойларымызды жүзеге асырып, өнім түрін ұлғайтуды жоспарлап қойдық.

 

Облыс орталығының өзінде ғана  тамақ өнімін шығаратын 35 кәсіпорын тіркелген. Әрбірінің ұсынысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бар талабына жауап береді. Сапасына басты сыншы тұтынушылардың өзі шүбә келтірмейді.

Сұқбат алғандардың дені өзімізде шығарылатын өнім табиғи таза, ағзаға пайдалы дәруменге толы, шетелдік үлгілерінен еш кем түспейді дейді. Ендеше алыстан арбалағаннан гөрі, жақыннан дорбалаған кәсіпкерге де тиімді.

 

Жеңіс Ермұқанов