Спорт

Халықаралық жартылай марафонның үш жүлдесін солтүстікқазақстандықтар жеңіп алды

 

 

Стадионда мүгедектер арбасы жарысынан спорт шебері – Сергей Усольцев. 200-ден астам спортшы қатысқан халықаралық турнирде оған тең келер қарсылас табылмаған. Ол күшейтілген жаттығулардың арқасында бәрінен оқ бойы озық тұрып, алтыннан алқа тағынды. Бұл спорт түрімен 14 жыл айналысады. Содан бері облыстық, республикалық, әлемдік сайыстарда қоржынында қисапсыз мол жүлде жинаған. Бұл әрине, оның көп жылдар бойғы еңбегі.

 

Сергей Усольцев, спорт шебері:

Мен спорттағы мансабымды 1999 жылы тап осы Түмен қаласындағы мүгедектер спортынан бастаған болатынмын. Осы жолғы жарыста да менің асығым алшысынан түсті.

 

Дәл осы додаға Евгений Тетюхин де қатысты. Ол спорттық мүгедектер арбасы жарысында ширақ қозғалып, мәре сызығын екінші болып кесті. Және ол облыста алғашқылардың бірі болып осы спорт түрін жандандырған адам. Ол жарысу жолына арналған жеңіл арбаға осыдан 22 жыл бұрын отырған. 1997-2007 жылдар аралығында аты әлемге әйгілі Сидней, Афина елдерінде болған үлкен додаларға қатысқан.

 

Евгений Тетюхин, спорттық мүгедектер арбасы жарысынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

-Мен марафонға 1993 жылдан бері қатысып жүрмін. Мынау 20-шы жарысым. Алған жүлделерімнің басым көпшілігі 1-ші орын. Осы жолы да Түмендегі жартылай марафонға қатысқаныма өкінбеймін, қайта өз әріптестеріммен араласып мол әсер алып қайттым.

 

Жеңіл атлетикадан елімізге 2-ші күмісті Олег Сысолятин сыйлады. Күніне 20-30 шақырымды жүріп өтетін жерлесіміз үлкен сайыста 21 км, 98 метр қашықтықты оңай бағындырып, алтын аламын деп ойлапты. Алайда, 21 жастағы бәсекелесі оған дес бермепті.

 

Олег Сысолятин, жеңіл атлетикадан спорт шебері:

-Додада менің басты қарсыласым 21 жастағы жігіт болды. Алыс қашықтыққа жүгіруде біз алма-кезек бір-бірімізден озып отырдық. Бірақ, мен көрпеме қарай көсіліп, денсаулығыма нұқсан тигізіп алмайын деп оған бас жүлдені қолдан бердім. Өз басым 50 жастан асқан мендей адам үшін бұл үлкен ерлік деп есептеймін.

 

“Үміт” мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы биыл сәуір айында ашылған. Оған облыс әкімі тікелей мұрындық болған. Бүгінде аталған мекемеде 110 адам тұрақты дене тәрбиесімен шұғылданады. Олардың ең жасы 13 жаста болса, ересегі 70-те.

 

Берік Қасен