ТКШ

Петропавлда көпқабатты үйлердің 98 пайызына жылу берілді

 

Маңызды науқанда бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға жылу жіберілді. Балабақша, мектептер, ауруханалар, мемлекеттік мекемелер мен халық көптеп шоғырланатын ғимараттар толығымен орталық желіге қосылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің де 98 пайызының иелері күздің қара суығын жылы баспанада қарсы алды. Әрине қауырт маусымда жылу қуатының пайдасын алдымен қыстың қамын жаз ойлаған тұтынушылар көрді. Дайындықты растайтын құжаттары жоқ 12 үй тұрғындары әзірге салқын тұрғынжайды паналауға мәжбүр. Ұйымшылдық танытуда қолдары кеш сермелгенімен, ешкім де жылусыз қалмайды деп сендірді өңіріміздің бас энергетигі.

 

Қуандық Кеңесбаев, “Петропавл Жылу Желілері” ЖШС директоры:

– Паспорты жоқ үйлерді соңғы кезекте қосамыз. Келесі жылы ерте қамдануларына сабақ болады. Қазір олар баспаналарын құнттап ішкі желілерін ретке келтіріп жатыр. Кейбір үйлердің тіпті құжатты әзірлейтін жеке пәтер иелері кооперативі жоқ. Құрылғандарының өзі пысықтық танытпайды. Тағы 12 үйде қысым төмен. Ол үйлерге тиесілі магистральдарда қазір апаттық жөндеу жұмыстары жасалуда. Бірер күнде ондағы жылуды реттейміз.

 

Энергетиктер күніне 40-тан  астам үйді жылуға қосуға қауқарлы. Тұрғындар өздері дайын болса, бұл жөнінен қам жемеуге болады. Демалыссыз жұмыс жасайтын мамандар әзір. Үрдіс жоспарланған кестеге сай жүріп жатыр. Қазір жылу энергиясын тұтынатын жеке секторға жылу тартылуда. Бұл шаруаны 1 күннің ішінде тындыру көзделген. Бүгінде магистральды құбырлардың 70 пайызы тозған. Десе де бұған алаңдауға негіз жоқ дейді Қуандық Кеңесбаев. Қыстан кездейсоқ апатсыз, аман шығу үшін қауіпті аумақтар жөндеуден өтіпті.

 

Қуандық Кеңесбаев,“Петропавл Жылу Желілері” ЖШС директоры:

– Инвестициялық бағдарлама аясында 460 млн теңгенің жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкінен 2 млрд. 400 млн. теңгенің жеңілдетілген несиесін рәсімдедік. Биыл оның 641 млн теңгесін жүйені жаңғыртуға жұмсадық. Келесі аптадан қызметімізді үздіксіз таратып, қалыпты режимге көшеміз.

 

Қазанның 15-не дейін қала толығымен орталық жылыту желісіне қосылады.

 

Жеңіс Ермұқанов