Білім

Петропавл құрылыс-экономика колледжінде қазіргі заманғы оқу зертханасы салынып жатыр

 

 

Былтырғы жылдың тамыз айында колледж басшылығы институционалдық даму жоспарын әзірлепті. Сөйтіп, олардың жобасы еліміздің білім министрлігінде жақсы бағаға ие болды. Оқу ордасы осылайша алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік алды.

 

Гауһар Кисаева, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің әдіскері:

-«Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту» жобасы бойынша институционалдық даму жоспарын іске асыру үшін техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының арасында гранттарды бөлу жөнінде конкурсқа қатысқан болатынбыз. Бұл байқауды ҚР Білім министрлігі хабарлаған еді. Сөйтіп, халықаралық қайта құру және даму банкінің грантын жеңіп алдық. Жалпы, бізбен есептегенде 26 оқу ордасы гранттарға ие болды.

 

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі жарты млн долларды иемденген. Бұл сомаға оқу ордасы құрылысқа қажетті жаңа құрылғылар сатып алыпты. Сөйтіп, студенттердің теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдауына мүмкіндік туды. Қазір студенттер осы құралдарды пайдаланып, зертхана салып жатыр.

 

Николай Ухов, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің директоры:

Бұл бізге керек нәрсе. Шағын болса да өз зертханамыз болады. Студенттер мұнда тәжірибелерін шыңдайды. Және оқу ордасын бітіргенде әлдеқайда сапалы маман иесі атанады.

 

Колледж студенттері зертхананы өз күштерімен тұрғызуда. Олар кірпіштерді қалап, жылыту жүйесіне арналған құбырларды өздері дәнекерлеп жатыр.

Колледж басшылығы зертхана құрылысын 1 айдан соң аяқтаймыз дейді. Бұл студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

 

Бану Ахметова