Құқық қорғау органдары

Кәсіпкерді атып өлтірген қылмыскер 11 жылға бас бостандығынан айырылды

 

 

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 6-қарашасында күндізгі сағат 1 шамасында «Океан» сауда үйінің маңында тұрған «Mercedes» автокөлігінен басына оқ тиген 47 жастағы жеке кәсіпкердің денесі табылғадығын хабарлаған болатынбыз. Қылмыс жасалғаннан кейін бір сағат өткен соң қалалық Ішкі істер басқармасына 41 жастағы қала тұрғыны келіп, осы қылмысқа тікелей қатыстығын айтқан. Ол тәртіп сақшыларына өз еркімен кісі атқан 16-шы калибрлі ИЖ-58 аңшы мылтығынан жасалған шолақ қаруды тапсырыпты. Негізгі себеп – қарыз. Яғни марқұм Сейдулла Искандаров қылмыскер Амрулла Абдуллаевқа ақша берешек болған. Алайда, борышын қайтаруға асықпаған кәсіпкер ақыр соңында төлеуден мүлдем бас тартыпты. Қылмыс жасалар күні олар «Океан» сауда үйінің маңында машина ішінде кездескен екен. Әңгіме соныңда  келіспей қалып, шолақ мылтықпен қаруланған күдікті борышкердің басынан атып жіберген. Ал жапа шегуші жақ болса, керісінше қылмыскер көз жұмған адамға қарыз болған дейді.

 

Шахмандор Искандаров, марқұмның ағасы:

Бізге 5 миллион 800 мың теңге қарыз. Інімді өз берешектерін қайтармау үшін қасақана өлтірген. Олардың қарыздары одан да көп. Шаруаларға астық үшін, ауған мен тәжік азаматтарына ұн үшін борыштары бар. Соларын қайтармау үшін інімді атып өлтіріп өзгелеріне де үрей үйрілткен. Қылмыскерден алашағы барлар қорыққандарынан қаладан кетіп қалды. Мамыр айынан бері сот болып жатыр. Бірақ олардың бірін де таба алмадық.

 

Қанды оқиғаға қатысты жылға жуық жүргізілген тергеу амалдарына нүкте қойылды. Қасақана адам өлтіру фактісіне қатысты оқиғаға облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта үкім шығарылды.

Абдуллаевтың жазасын өтеу мерзімі қамауға алынған күннен яғни 2012 жылдың 6 қарашасынан бастап есептелінетін болады. Оған қоса айыпталушы марқұмның отбасына 2 миллион 125 мың теңге материалдық және 1 миллион теңге моральдық шығынды да қайтаруы тиіс. Алайда Сейдулла Искандеровтың туған-туысқандары сот үкімімен келіспейтіндіктерін айтады. Олар қасақана адам өлтірген қанды қол қарақшыға 11 жыл аз дейді.

 

Василий Мамин, адвокат:

Мен бұл мерзіммен келіспеймін. Сондықтан бұл іске қатысты облыстық сотқа апелляция түсіреміз. Жазаны мейлінше ауырлату қажет. Яғни қылмыстық кодекстің 96-ші бабы бойынша 15 жыл және оған 251-ші бап бойынша тағы 5 жыл қосуды сұрайтын боламыз.

 

Аты шулы қылмыстық істің нүктесі осылайша қойылды. Ал сот үкімімен келіспейтін жақтың оны қайта қарауға арыздануына 15 күн уақыттары бар.

 

Самат Есмағи