Құқық қорғау органдары

Петропавлда доңғалақ ұрлауға машықтанған ұры ұсталды

 

 

Батыр Баян көшесі бойындағы үйлердің бірінде тұратын петропавлдық үшін 9 қазан ерекше басталды. Түнде бәз біреулер оның аулада тұрған «Нива» автокөлігінің 4 доңғалағы мен аккумуляторын алып кеткен.

 

Жәбірленуші:

-Түнде доңғалақтарымды ұрлап кетіпті.Мен бірден полицияға хабар бердім. Бір тәулік өткенде маған оларды қайтарып берді. Алғыс білдіремін.

 

Дәл осындай жағдай Жұмысшы кентінде де қайталанған. Ұрылар «Жигули» автокөлігінің екі дөңгелегін қолды еткен.

 

Данияр Күлтаев,Петропавл қалалық ІІБ екінші полиция бөлімінің жедел уәкілі:

-Дереу іздестіру шараларына кірістік. 25 жасар Жұмысшы кентінің тұрғыны күдік туғызды. Оның үйінде тінту жұмыстарын жүргізу барысында ұрланған заттар табылды.

 

Әккі ұры Жұмысшы кентінің тұрғыны болып шықты. Ол түнде үйіне қайтып келе жатып, екі бірдей темір тұлпар бөлшектерін қолды қылғанын мойындады.

 

Күдікті:

– Мен қарадым, еш қиындық болған жоқ. Сосын автокөлікті ашып, домкрат және қажетті құрал- саймандарды пайдаланып, доңғалақтарды шешіп алдым. Кейін ұрланған заттарды ағаш арасына тығып қойдым.

 

Пысықай «Нива» автокөлігінің дөңгелектерін 30 мың теңгеге сатып үлгерген. Қазір қолды болған бөлшектер иесіне қайтарылды. Ал екінші көліктің доңғалақтарын ол өз темір тұлпарына тағып алыпты. Бұдан өзге тәртіп сақшылары оның ауласынан тағы бір машинаның бөлшектерін тапты. Тексеріс барысында анықталғандай «Ваз 2101» автокөлігі 13-ші қыркүйекте Жұмысшы кентінің тұрғынынан ұрланған болып шықты. Бұл фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

 

Мағжан Ахмадина