Қоғам

Өңірлік даму вице-министрі Солтүстік Қазақстанға келді

 

 

Елбасы мектепке дейінгі тәрбие беруге айрықша назар аударады. Бұл ретте «Балапан» бағдарламасы өмірге жол тартты. Ол қолданысқа енгізілгелі бері елімізде 4 мыңнан астам балабақша мен шағын орталықтар ашылып, сәбилер игілігіне еңбек етуде. Солардың бірі Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы «Мирас» балабақшасы. Қазіргі күні онда 300 бала тәрбие алып жатыр. Жаңа нысанның қолданысқа берілуі «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылуына да жағдай жасады дейді балабақшаға енді орналасқан жас маман Махаббат Садуақасова.

Республикалық ақпараттық үгіт-насихат тобының мүшесі Серік Жұманғарин аталмыш орталыққа ат басын тіреп, оның тыныс-тіршілігімен танысты. Балабақша ішін аралап шыққан өңірлік даму вице-министрі Махабат Садуақасовамен тілдесіп, жас мамандарға қаншалықты жағдай жасалып жатқандығын сұрап білді.

Бұдан соң елордалық мейман Серік Жұманғарин «Парасат» мектеп-лицейі жанынан жуырда орын тепкен балалардың ойын алаңына ат басын тіреді. Ол өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде жергілікті әкімдіктің шешімімен салыныпты. Осы күні өңірлік даму вице-министрі аудан активімен де жүздесті.

Астаналық қонақ жиынға қатысушыларға Елбасы жолдауындағы басым бағыттардың жүзеге асыру барысында қандай істер атқарылғандығын саралап, алдағы міндеттер жайында әңгімелеп берді. Сонымен қатар Серік Жұманғарин министрліктің жоспарлары жайлы ойын ортаға салды. Оның бірі жергілікті өзін-өзі басқаруды жан-жақты жетілдіру. Қазіргі күні ол жүзеге асырылу үстінде деді вице-министр. Оған жуық арада өткен ауыл мен селолық округтер әкімдерінің сайлауы дәлел бола алады.

 

Серік Жұманғарин, ҚР өңірлік даму вице-министрі:

-Қазіргі күні селолық округ әкімдерінің құзырына 67 міндет жүктеліп отыр. Оған қоса олардың әрқайсысы өзіне тиесілі аумаққа бөлінетін қаржылық жағдайды да басқарады. Әкімдер сонымен қатар селолық округтердің бюджетін жарнама, коммуналдық меншіктер мен түрлі айыппұлдардан түсетін қаржымен де толықтыру мүмкіндіктеріне ие.

 

Ол елді мекендердегі мәселелерді шешуге септігін тигізері сөзсіз. Алайда жергілікті бюджет қаржысын қалай әрі қайда жұмсау керектігін жергілікті әкім ауыл-село тұрғындармен ақылдаса отырып шешуі қажет. Бұл ретте бірлесіп құрылған жоспардың болуы да шарт деп атап көрсетті Серік Жұманғаринов. Өз кезегін активке қатысушылар вице-министрге көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап оған нақты жауаптар алды. Жиынды қорытындылаған елордалық мейман Елбасы жолдауында көрсетілген басым бағыттар біздің өңірімізде сәтті жүзеге асырылып жатқандығын тілге тиек етті.

Қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды. Басты құжаттағы басым бағыттарды жүзеге асыруда жұдырықтай жұмыла еңбектенсек әл- ауқатымыз бұдан әрі де жақсара түсері сөзсіз. Жиын түйіні осы.

 

Самат Есмағи