Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір элеваторлары астық қабылдауға әзір

 

 

Өңір агроқұрылымдары астық орағын еңсеруге таяды. Осы күні қамбаға төгілген бидай 5 млн тоннадан асып жығылды. Диқандарға алқаптардың 3 пайызындағы астықты бастыру ғана қалды. Дегенмен, 4 ауданның аумағында қар түскендіктен, дала жұмыстары доғарылып тұр. Өзге жерлерде орақ толық қарқынмен жалғасуда. Бүгінде ылғалды астықты кептіру мәселесі де оң жолға қойылған. Үкіметтің шешімімен астық сақтау орындарына арзандатылған дизель отыныбөлінді.

 

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

-Өңірде 55 лицензияланған элеватор бар. Олардың барлығы тексерістен өтті. Бүгінде 1 млн 170 мың тонна астық қабылдады. 88 пайызы 3-сыныпты. 5 пайыздан 4-5-сыныпты және сыныпсыз астық 2 пайыз. Мемлекеттен арзандатылған 14,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Астық қабылдаудан мәселе жоқ.

 

Осы орайда, облыс әкімінің бірінші орынбасары үстіміздегі жылы өнімді сақтап, кептіру құнының өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, бүгінде өңір диқандарын астық сатып алу мәселесі алаңдатып отыр. Азық-түлік келісім шарт корпорация күні бүгінге бидай тоннасының бағасын бекіткен жоқ. Әзірге агроқұрылымдар алып-сатарлардың қызметіне жүгінуде.

 

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

-Тоннасы 25-28 мың теңгеден астық трейдерлері сатып алу жүргізуде. Азық-түлік келісім шарт корпорациясы бағаны дайындады, бірақ ол әлі бекітілген жоқ. Алдағы уақытта сапасына қарай 3 лот бойынша сатып алу жоспарланып отыр.

 

Облыс орталығындағы “Сұлтан” АҚ элеватор-диірмен-макарон кешені диқандардан 23 мың 593 тонна астық қабылдаған. Оның 15 мың тоннасы 3-сыныпты жұмсақ бидай. Ал қатты сұрыпты бидайдан 8 жарым мың тонна алынған. Зертхана мамандары бидай дәнінің заттай салмағы талапқа сай келетінін айтып отыр.

 

Анна Хламова, бидай зертханасының меңгерушісі:

-Бидайдың сапасын мына жедел анализатордың көмегімен анықтаймыз. Құрылғы кілегейлік, ылғалдылық, протеин және крахмалдың көлемін анықтайды. Аппараттың ішінде инфрақызыл сәулелерден өткен 400-500 грамм бидайдың сапасы 30 секундта дайын болады.

Облыстағы элеваторлар өнімді тәулік бойы қабылдайды.

 

Гүлмира Шоқтыбаева