Спорт

Муайтайдан өткен ел чемпионатынан спортшылар 3 медальмен оралды

 

 

“Жұдырықтасу” республикалық чемпионатында өңір намысын 4 жас спортшы қорғады. Солардың бірі – Руслан Заякин. Спортшы жарыста 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіпті. Русланның қарсыласы Астана мен Қостанай муайтайшылары болған. Ол қарсыластарын ұпай санымен жеңіп, алтыннан алқа тағынды.

 

Руслан Заякин, муайтайдан спорт шеберлігіне үміткер:

-Мен өзімнен 2,3 жас үлкен астаналық және қостанайлық қарсыластарыммен 3 жекпе-жек өткіздім. Жарыста жеңіске жететініме нық сенімді болдым. Мен 1-ші қарсыласымды тізе бүктірген соң, жартылай финалға шықтым. Одан кейін өзіме деген сенім ұлғайп, ақтық сында өзгелерінен ең жоғары ұпай жинадым.

 

Ал, Сапарғали Қайырғалиев 60 келі салмақ дәрежесінде күш сынасыпты. Қайырғалидың қарсыласы да қостанайлық спортшылар болған. Олардың үшеуін де нокаудқа жығып, ұпай санымен жеңген. Сөйтіп ол да алтыннан алқа тағыныпты.

 

Сапарғали Қайырғалиев, жұдырықтасудан ҚР чемпионатының жеңімпазы:

-Азын-аулақ жиналған тәжірибемнің арқасында мен өзімнен үлкендермен сайысқа түстім. Қостанайлықтармен 3 кездесу өткіздім. Әрбіреуінің өз тактикасы болды. Бірақ та, мен олардың осал тұсын тауып, жеңіп шықтым.

 

Ал, үшінші жүлдегер 10 жастағы Кирилл Нецуляк екінші орынға ие болыпты. Ол рингте 35 келі салмақ дәрежесінде екі спортшымен күш сынасқан. Бірін жеңсе, екіншісінен жеңіліп қалыпты.

 

Кирилл Нецуляк, жұдырықтасудан ҚР чемпионатының күміс жүлдегері:

Менде бұдан басқа 1 алтын медаль бар. Оны Атырау қаласында өткен жарыста жеңіп алдым. Бірақ, осы жолы Қостанайдағы Қазақстан чемпионатында 1 қарсыласымды құлатып, 2-шісіне күшім жетпей қалды.

 

Тартысты дода еліміздің 7 қаласынан 100 тарта спортшыны жиған. Муайтайшылар 2 жас ерекшелігі бойынша өзара мықтыны анықтасыпты. Жаттықтырушы болашақта қол астындағы спортшыларынан үлкен үміт күтеді. Өйткені, олардың арасында тек өңірдің ғана емес, республикамыздың да намысын қорғап жүргендер бар.

 

Руслан Молдыбаев, муайтайдан қаланың аға жаттықтырушысы:

-Республикалық ашық чемпионат жасөспірімдер арасында 3 -6 қазан айында өтті. Шәкірттерімнің барлығы да өздерінен 2,3 жас ересек боксшылармен тартысты. Менің тәрбиеленушілерім бәрінен басым түсті. Қол жеткізген нәтижеге көңілім толды.

 

Жергілікті спортшылар бұл жолы қоржындарын 2 алтын, бір күміс медальмен толықтырды. Енді олар РФ  Томск қаласында 13 желтоқсанда муайтайдан өтетін халықаралық турнирге дайындалмақ.

 

Берік Қасен