Спорт

Кикбокстан облыс чемпионаты өз жалауын көтерді

 

Чемпионатқа қатысушылар – 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Жалпы бұл жолғы байрақты додаға 5 команда қатысты. Олар Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев, Шал ақын, Қызылжар ауданының құрамалары мен алаң иелері – петропавлдықтар.

 

 

Нұрлан Әбдірахманов,жарыстың бас төрешісі:

-Бұл чемпионатта үздік деп танылғандар Республикалық кубокта өңір намысын қорғайтын болады. Ол да қазанның 31 мен 3 қараша аралығында Петропавлда өтпек. Ал жасы кішілер арасында топ жарғандары Тараз қаласында өтетін халықаралық турнирде өнер көрсетеді.

 

Шаршы алаңға алғаш болып шыққандар петропавлдық Рамазан Бақтыгереев пен Самат Жүсіпов. Олар 67 келі салмақ дәрежесінде күш сынасты. Алайда Рамазан қарсыласынан шапшаң әрі епті екендігін айқын аңғартты. Оның спорттың осы түрімен шұғылданғанына 5 жыл болған.

 

Рамазан Бақтыгереев,бокстан облыстық БЖСМ тәрбиеленушісі:

-Жеңіске жететініме сенімді болдым. Себебі шаршы алаңға алғаш шығуым емес. Тіпті ережесіз жекпе-жекке де қатысып жеңімпаз атандым.

 

Бұдан соң шаршы алаңда облыстық бокс мектебінің тәрбиеленушісі Әлішер Қорқытбаев пен шалақындық Павел Зеленов қолғап түйістірді. Соңғысының бокспен шұғылданғанына 3 жыл. Павел алаңда өзін еркін ұстағанымен, жеңіс одан сырт айналды.

 

Павел Зеленов, Шал ақын ауданы:

-Қарсыласым кәсіби спортшы. Оның соққыларынан абдырап қалдым. Жеңіліс табуыма да сол себеп.

 

Облыстық чемпионат қазанның 12-сінде аяқталмақ. Онда жеңімпаз атанғандары республикалық чемпионат пен халықаралық турнирде өңір намысын қорғайтын болады.

 

Самат Есмағи