Денсаулық сақтау

№2 емханада – жаңа маммограф

 

 

2008 жылдан бері елімізде 50 мен 60 жас аралығындағы әйел адамдарды сүт безінің қатерлі ісігіне скринингтік тексерістен өткізу жүзеге асуда. Бұған дейін 2-емханаға тіркелген тұрғындар ескі маммограф құрылғысының көмегімен қаралатын. Жақында ғана емдеу мекемесіне Бельгияда жасалған су жаңа аппарат жеткізілді.

 

Самат Жайсанбаев, №2 емхананың дәрігер-рентгенологы:

-“Саламатты Қазақстан” 2011-2015  жылғы бағдарламасында қатерлі ісіктердің алдын алу қарастырған. Соның арқасында мұндай аппаратқа қол жеткіздік. Оның көп мүмкіншіліктері бар. Атап айтсақ, уақыт үнемдейді. күніне 20-25 адамды қарауға болады. Екіншіден патологияны дәл анықтайды, ісіктің конфигурациясын, көлемін дәл табады.

 

Маммографты телекоммуникация желілеріне қосу мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтқанда, емханада жасалған түсірілімдер бойынша өзге ауруханалардың мамандарымен кеңесіп, шешім шығаруға болады.

 

Самат Жайсанбаев, № 2 емхананың дәрігер-рентгенологы:

-Экономикалық, экологиялық тұрғыдан тиімді. Бұрынғыдай химикаттармен пленкаларды өңдеп уақыт кетірмейміз. Жасалған түсірілімдер мұрағатта сақталып, оны кез келген уақытта өзге маммография нәтижелерімен салыстыру мүмкіндігі қарастырылған.

 

Құрылғы жылына 4 жарым мың тексеріс жасауға қауқарлы. Оның адам ағзасына еш зияны жоқ деп отыр рентгенолог дәрігерлер, өйткені маммографтың дозалық жүктемесі өте төмен. Бүгін Вера Косова әйелдер арасында жиі кездесетін індеттің бар-жағын тексерту үшін келген. Заманауи құрылғы ісіктің белгілерін анықтаған жоқ.

 

Вера Косова:

-Маммография кабинетіне тың құрылғы алынғанын естіп, скринингтік тексерістен өттім. Аппарат су жаңа, ісікті бірден анықтап, ол туралы толық ақпарат бере алады. Абырой болғанда дін аманмын. Алаңдайтын жағдай жоқ.

 

Кейбір деректерге сүйенсек, әйелдердің арасында кездесетін онкологиялық аурулардың ішінде сүт бездерінің қатерлі ісігі бірінші орынға шығып отыр. Ал жалпы аурулардың ішінде бұл дерт жүрек-қан тамыр ауруларынан кейінгі екінші орында тұрақтаған.

2-емханада тіркелген азаматашалардан өзге, аталмыш емдеу мекемесінде скринингтік тексерістерден Мамлют және Есіл ауданында тұратын әйел адамдар өтіп жатыр. Жыл басынан тексерілген 2700 азаматшаның 16-сына сүт бездерінің қатерлі ісігі болжамы жасалған. “Саламатты Қазақстан” бағдарламасы аясында 2-емхана 2011 жылдан бері медициналық жабдықтарын жаңартып келеді.

 

Жеңіс Әбілев, № 2 емхананың бас дәрігері:

-2011 жылы 34 млн теңгеге жаңа медициналық жабдық алынды. Оның ішінде 18 млн теңгенің УЗИ құрылғысына қол жеткіздік. 2012 жылы емханаға медициналық жабдыққа 23 млн теңге бағытталды. Оған эндоскопиялық құрылғы алынды.

 

Бүгінде 2-емханада облыс орталығының 56 мың 640 тұрғыны қаралып, дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Айтқандай, емханада қыркүйектің 15-інен тұрғылықты мекен-жайы бойынша дәрігерлерге тіркелу шарасы жүріп жатыр. Тиісті емханаға тіркеуге тұрмағандар, кепілді медициналық қызметтерге тегін жүгіне алмайды. Азаматтарды бекіту шарасы қарашаның 15-іне дейін жалғасады.

 

Гүлмира Шоқтыбаева