Балалар

Жастар – әлеуметтік желілердің маңызы туралы

 

Қазіргі заманда әлеуметтік желілердің дәурені жүріп тұр. Қалалық классикалық гимназияның мұғалімі Данияр Уәлиев жұмыстан қолы босағанда Facebook, Twitter, Instagram әлеуметтік желілеріне кіріп, елде және ғаламда болып жатқан жаңалықтарды біліп отырады екен. Ол мұғалімдер қауымының ісі алға басуы үшін жаңалыққа сергектік өте қажет дейді. Данияр Уәлиев белсенді блогер ретінде жаңалықтарды көпшілік назарына ұсынып отырады. Және ол бүгінгі шарада жастарға әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін қалайша дұрыс пайдалану керектігін түсіндіруге келіпті.

 

Данияр Уәлиев, “KazTwit” айдарының негізін салушы:

-Бұл желілерде мен көбінесе өзім және өзімнің жұмысым, гимназия туралы мәліметтерді беріп отырамын. Мұның жақсы жері жылдам ақпаратты көрсету, беру. Яғни, мектепте бір шара болды ма, оны бірден көрсете аламын. Оқушыларымыз немесе ұстаздарымыз неше түрлі сайыстарда жүлдеге ие болып жатса, бірден ғаламторда көрсете аламын.

 

Әлеуметтік желі форматындағы шараны Қазақстан жастарының конгресі мен “KazFond” қоғамдық жастар қоры ұйымдастырды.

Олардың айтуынша, әлеуметтік желі пайдаланушылардың мәдениеті бүгінгі қазақ жастары мәдениетінің айнасы.

 

Махабат Исимбаева, “KazFond” қоғамдық жастар қорының төрайымы:

-Әлеуметтік желі пайдаланушылардың мәдениеті арқылы біз жалпы қазақ жастарының мәдениетін көре аламыз. Әсіресе mail.ru, контакт сайтында көп отыратын жастарға интернеттің мағынасы не, неге керек, мәні неде екенін түсіндіреміз. Ғаламтор желісінің пайдалы тұстарын айтамыз. Негізі, ғаламторды дұрыс пайдалана білу, ол – үлкен білім көзі.

 

“Ұрпақтар сабақтастығы” атауымен өткен дөңгелек үстелге жастар ісі жөніндегі комитет, жас оқытушылар мен әлеуметтік желілердің жаңа мүмкіндіктеріне қызығушылық танытқан студенттер қатысты. Олардың көбісі саясаткерлердің, өнер жұлдыздары мен қоғамға танымал азаматтардың тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырады. Өз ойларын ортаға салады. Соның бірі – Любовь Лапина. Ол майл.ру мен твитер желілерінің тұрақты пайдаланушыларының бірі.

Ол аталған сайттарда оқырмандармен ой бөлісіп, шығармашылық идеяларын ортаға салады. Мәдениеті жоғары жас қызды твиттерден “Азаматтық бастамаларды дамыту институты” ҚБ басшысы байқап, оған жұмыс ұсынған.

 

Любовь Лапина, “Азаматтық бастамаларды дамыту институты” ҚБ аға менеджері:

– Майл ру сайтында мен шет елде тұратын шығармашылық істермен айналысатын қызықты адамдармен әңгіме-дүкен құрамын. Ал твитерге шығармашылыққа толы жұмысымның нәтижелерін жазамын. Онда мен өз оқырмандарыма қоғамдық бірлестікте болып жатқан шаралардың суретін беріп, қызықты етіп жазамын. Сондықтан, күн санап оқырмандарымның саны артып келеді.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, егер жастарымыз тұлғалардың өміріне, шығармашылығына байланысты тың дүниелерді ұсынып, сол данышпандарымыз туралы пікірталастар ұйымдастырып жатса, құба-құп. Егер теріс мақсатқа пайдаланып жатса, ол қолданушылар мәдениетінің төмендігін көрсетеді.

 

Берік Қасен