Мәдениет

Жаңадан құрылған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының алғашқы алқа отырысы өтті

 

Қазіргі таңда облыс бойынша 550 мәдениет нысаны жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы олардың қатарын Тимирязев ауданы Москворецкое селосындағы ауыл клубы мен Жамбыл ауданының 2 кітапханасы және Ғ.Мүсірепов ауданындағы Рузаев балалар кітапханасы толықтырды. Өңірде кітапханаларды компьютерлермен қамтамасыз ету, ғаламторға тарту жұмыстары жалғасуда. Облыстағы мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың материалдық-техникалық жағдайы жақсаруда. Үстіміздегі жылдың 9 айында облыстық деңгейдегі 22 шара ұйымдастырылған. Өңірдің өнер ұжымдары республикалық, халықаралық дәрежедегі байқауларға атсалысуда.

 

Тұрсын Молдахметова,  мәдениет және өнер ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім басшысының м.а.:

-Облыста 12 мұражай жұмыс істейді. Олардағы жәдігер қоры 300 мың дананы құрайды. Үстіміздегі жылы қорға 655 жаңа жәдігер алынды. Өңірдегі театрларда 340 спектакль сахналанды. Жаңа 9 қойылымның тұсаукесері өтті. Облыстық филармония 9 айда 102 концерт берді.

 

Жаңадан жасақталған басқармаға бұрынғы мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасы да кіріп отыр. Алқа отырысында аталған салада атқарылған жұмыс та сараланды. Қазіргі таңда облыс көлемінде 15 мұрағат мекемесі жұмыс істеуде. Оларда 1 млн 440 мың 679 дана құжат сақталған. Ерекше құнды 32 мыңнан аса құжат және 2 жарым мың құпия дерек қорға кіргізілген. Алқа отырысында мұрағат саласында туындаған мәселелер де көтерілді.

 

Алтынай Жүсіпова, мұрағаттар және құжаттамалар бөлімінің басшысы:

-7 мемлекеттік мұрағат жалдамалы ғимараттарды орын тепкен. Яғни, құнды құжаттар сақталатын мекемелерді жеке ғимаратпен қамту міндеті тұр. Екіншіден М.Жұмабаев ауданындағы және Есіл, Аққайың аудандарындағы жаңадан салынған мұрағат ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Облыстың барлық мұрағаттарында кондиционерлеу жүйесін ауыстыру мәселесі де бүгінде өзекті.

 

Басқарма жетекшісі мұрағаттарды жөндеу мәселесін «Жұмыспен қамту-2030» жол картасы» бағдарламасы аясында шешуді ұсынып отыр.

 

Рүстем Елубаев, СҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының жетекшісі:

-Әрине, мұрағат ғимараттарына қатысты мәселе бар. Жөндеу жайын келесі жылдан жол картасына кіргізуге болады. Осы күннен аталған жұмысты қолға алу керек. Жобалық-сметалық құжаттарды дайындау қажет.

 

Алқа отырысында сондай-ақ, “Жұмыспен қамту -2030 жол картасы” бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысы да қаралды. Биыл бағдарлама аясында 130 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. 7 мәдениет ошағын күрделі жөндеуге 92 млн теңге қарастырылды. Ал мұрағат саласына биыл 40 млн теңге бағытталған. Алайда, бірқатар аудандарда жоспарланған жөндеу жұмыстары мерзімінен кешіктіріліп орындалуда.

 

Гүлмира Шоқтыбаева