ТЖ

Өрт кезінде екі бүлдіршіннің өмірі қиылды

 

 

Жамбыл көшесінің бойындағы 12-ші үйдің 4-ші пәтерінен шыққан түтінді көршілер байқап, өрт сөндірушілерге хабар берген. Құтқарушылар келгенше олар бір жасар Владик пен 5 жастағы Анжеланы ажалдан арашалап қалды. Алайда, баспанада тағы 2 бала қалғаны жөнінде ешкімнің хабары болмаған. Сәбилердің лапылдап жанып жатқан үйде қалғанын осы уақытта оларға бас-көз болып отырған әжелері де айтпапты.

 

Инна Иванкина:

– Әу бастан үйде қанша адам бар екенін ешкім білмеді. Өрт сөндірушілер келгеннен кейін ғана көршіміз Алексей 2 баланы алып шықты. Жанұяның үлкені мен кіші баласы тірі қалды. Әжесі бұл кезде мас болған. Ал ата- аналары жұмыста еді, бірақ олар да ара-тұра ішетін.

 

Өрттің шығу себебі әлі анықталу үстінде. Бірақ құтқарушылар негізгі себеп ретінде балалардың отпен ойнауын жорамалдап отыр. Қазір үйдің кенжесі облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатыр. Ал оның әпкесінің қорқып қалғаны сондай, ешкіммен тілдескісі жоқ. Балалардың әжесі де 3-ші қалалық ауруханаға жеткізіліпті. Оқиға орнында 2 арнайы техника мен 12 өрт сөндіруші жұмыс істеді. 12 адам мен газ баллоны сыртқа шығарылды. Қазір құтқарушылар өрттің нақты шығу себебі мен келген шығынды есептеуде.

 

Мағжан Ахмадина