Виктор Скатов өткен түнде Алтынсарин көшесі бойындағы 37-ші үйде орын алған өрт оқиғасын көрген жалғыз адам. Түнгі екілер шамасында тұрғындар шырт ұйқыда жатқан. Өрт бірден тұрақты толық шарпып кетіпті.
Виктор Скатов:
-Алау өте биік болды. Мен өзімнің қора-қопсым өртеніп жатқан шығар деп шошып тұрып қарасам, көршімдікі екен. Бірден өрт сөндірушілерді шақырдым.
Бұл үйде жалғыз тұрған 60 жасар мүгедек адам қаза тапты. Көршілері өрттің тіптен неден шыққанын болжау қиын дейді. Өйткені ер азамат темекі шекпеген, алкогольдік ішімдікке де әуестігі болмапты.
Бұл мекенжайдағы өрттің шығу салдары анықталу үстінде. Ал қазанның 9-ы сағат таңғы 10.28-де Петропавл қаласы Семашко көшесі бойындағы 3-ші үйде орын алған өртте 33 жасар әйел адам 2-3 дәрежелі күйікпен ауруханаға жеткізіледі. Кейін сол жерде тілге келмей қайтыс болған. Оқиға орнына жеткен № 2 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, тілсіз жауды жарты сағатта ауыздықтады. Сондай-ақ күндізгі сағат 3 шамасында Жамбыл көшесі бойындағы 12-ші үй де отқа оранған.
Біржан Кәрімов, СҚО ТЖД «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ басшысының орынбасары:
-Бұл пәтерде ата- анасымен 4 бала тұрып жатқан көрінеді. Балалар барлығы кішкентай болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенде от қатты жанып жатқан. Оның үстіне үйге кіре беріс жолдар жабық болған. Өрт сөндірушілер пәтерден екі баланың денесін тапты. Олардың біреуі 2009 жылы туылған болса, екіншісі 2011 -ші жылғы. Ал олардың әжесін құтқарушылар аман алып шықты.
Қазір өрттің шығу себебі анықталуда. Өткен түнде Тайынша ауданындағы Аққұдық ауылында орын алған өрт оқиғасында да 2006 жылы туылған бала мен әкесі қаза тапқан. Ал Заречный кентіндегі «Рябинушка» саяжайында болған тілсіз жау салдарынан мұндағы үйдің күлі ғана қалған. Абырой болғанда қаза тапқандар жоқ. Петропавл-Көкшетау тас жолында болған жол- көлік апатында да құтқарушылар көмегімен адамдар өмірі арашаланған. Зардап шеккендер бар. «Апат айтып келмейді» дегенмен құтқарушылар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаған абзал дейді.
Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы:
– Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаған дұрыс. Электр құрылғыларын кетерде өшіру керек. Қазір пеш жағу маусымы басталды. Сондықтан сақтық шараларын ұмытпай, мұржаларды тазалап отыру қажет.
Жалпы жыл басынан облыс орталығында 507 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 37 адам мерт болса, оның 7-уі балалар.
Мағжан Ахмадина