Көлік және жолдар

Жол жөндеушілер әулеті

 

Серіктестік тізгінін 12 жылдан бері ұстап отырған Виктор Лидің әкесі де осы кәсіпорында еңбек етіпті. Тек механик емес, бас есепші қызметін атқарған. Еңбек жолын осы мекемеден бастауына әкесі түрткі болған екен. Содан бері міне 41 жыл өтті. Автомобиль жолдарын төсеу және жөндеу, асфальт-бетон қоспасын дайындаумен айналысатын серіктестік осы уақыт аралығында біраз шаруаның басын қайырыпты. Виктор Бименовичтің еңбегі де ескерілген. “Құрмет” орденіне, бірталай медальдарға ие болды. “Қазақстанның құрметті жол жөндеушісі” атағын да алды.

 

Виктор Ли, “Су-808” ЖШС директоры:

-1972 жылы мен Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, әкем осында жұмысқа орналасуға кеңес берді. Сөйтіп, механик болып қызметке кірістім. Алғаш рет маған жүктелген нысан Петропавл-Булаев бағытындағы автомобиль жолдарын жөндеу болды. Онда мен бетон төсеумен айналыстым. Содан кейін, жұмысым алға басты. Петропавлдан талай шекаралас елдерге баратын жолдарды салдық.

 

Ағасы бардың жағасы бар. Басшының інісі Владислав Ли де осында ағасымен бірге қоян-қолтық 23 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол мұнда бас механик. Оған артылған іс оңай емес. Маман жол жөндеуге арналған техникалардың сапасына жауап береді. Яғни сынып қалған жағдайда жөндейді. Қол астында 50-ден астам жұмысшысы бар екен.

 

Владислав Ли, “Су- 808” ЖШС бас механигі:

– Механик  – елімізге қажетті мамандықтардың бірі. Сондықтан да мен осы кәсіпті таңдадым. Мұнда еңбектене бастағанда кеңес үкіметі еді. Кейін ол ыдырағаннан кейін жұмыссыз қалдым. Екі жылдан кейін ағам осы жерге қайта шақырды. Міне содан бері ағама барымды салып көмек қолын созып келемін.

 

Әке көрген оқ жонар демекші әкесі Виктордың игі жолын баласы Алексей жалғастырған. Бала кезінен ол жол құрылысына қызығушылық танытқан. Әкесінің кәсібіне қызығып, оған еліктейтін. Бастапқыда серіктестікте жүргізуші болып қызмет етіпті. Мамандығы механик болғандықтан бүгінде осы меңгерген кәсібін тәжірибемен ұштастырып жүр.

 

Алексей Ли, “СУ-808” ЖШС механигі:

– Бұл жерге жұмысқа орналасуыма әкем мұрындық болды. Үш жыл жүргізуші болып қызмет еттім. Кейін механик қызметі жүктелді. Содан бері аянбай еңбектеніп жатырмын. Мен техниканы пайдалану мен жөндеуді қадағалаймын. Туған-туысқандармен еңбек еткен әлдеқайда жақсы. Өйткені оларға нық сенім артуға болады.

 

Бұл серіктестіктің тарихы тереңде жатыр. 59 жылдың ішінде біршама іс атқарылған. Ал Ли жанұясы алда әлі де болса, еліміздің дамып, гүлденуіне өз үлесін қосудан таймақ емес.

 

Бану Ахметова