Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжар ауданының диқандары астықтың 95 пайызын бастырды

 

 

Облыста 4 млн 855 мың тоннаға тарта астық жиналды. Бұл 3 млн 334 мың га алқаптан бастырылған өнім. Әзірге өлке бойынша бидайдың шығымдылығы 14,6 центнерді құрауда. Өңір диқандарына күзгі дала жұмыстарының не бары 7 пайызын еңсеру қалды.

Өңір жетекшісі Қызылжар ауданына жасаған жұмыс сапарының барысында ондағы орақ науқанымен танысты.

“Әби-Жер” ЖШС биылғы егінжайы 18 мың Га құрайды. Тең жартысына ырыс дәні бидай тұқымы сіңіріліпті. Қалғаны майлы дақылдардың үлесінде. Бүгінде рапс толығымен жиналып алыныпты. Гектар берекелігі 22 центнерден айналған екен. Мына бітік шыққан астық та мұндағы тәжірибелі диқандардың маңдай тері мен тың технологиялық үрдістерді ұштастырудың жемісі. Алқаптағы сары алтынды орып алудың күніде алыс емес. Соңғы гектарлардағы астықты ысырап етпей соғып алу үшін танап басында 10 шақты жоғары өнімді комбайн жүр.

 

Игорь Гришанов, “Әби-Жер” ЖШС директоры:

– Бидайдың 90 пайыздан астамын бастырдық. Гектарынан 20 центнерден құлатудамыз. Барлығы үшінші сұрыпты. Кілегейлігі 25 пайыздан кем емес. Сағатына 50 тоннаға дейін ылғалды дәнді құрғататын құрылғымыз бар. Бидай кептіргіш сабанмен жұмыс істейді.

 

Агроқұрылым жаңа астықты сақтау жағынан да қам жемейді. Орылғанды сыйдыратын жеке қоймалары сайланып қойылған. Жалпы Қызылжар ауданында биыл 300-ден астам агроқұрылым егін сепкен. Олардың 70 пайыздан астамы орақ науқанын толығымен аяқтапты. Шаруасын тындыруға таяу қалған серіктестіктер күніне 8 мың Га жүріп өтеді екен. Бүгінде бұндай қарқынмен бар алқаптың 95 пайызы еңсерілген.

Жер емген шаруалар жиып үлгерген бар астықтың 90 пайызы 3-ші сұрыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов