Қоғам

Қазанның 10-ы – кәсіподақ қызметкерлерінің күні

 

 

Кәсіподақ ұйымдарының негізгі мақсаты – жұмысшылардың әлеуметтік мүделерін қорғау. Табысты қызмет етуге оңтайлы жағдайлар жасалғанда ғана еңбек өнімділігі арта түсетіні баршамызға мәлім. Сондықтан Елбасы халықты қол қусырып отырмай, іспен айналысуға үндеу үшін алдымен аталмыш қоғамдық бірлестіктерді жаңғыртуды тапсырды. Президент бұған жаңа дем беру қамында кәсіподақ ұйымдарының заманауи жеке заңнамасын құрған жөн дегенді баса айтқан болатын.

 

Валентина Обложок, СҚО мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрайымы:

– Жаңа жобаны еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындады. Қазір заңнама Үкіметтің қарауында жатыр. Еңбек кодексі мен ұжымдық келісім шарттарына заман талабына сай өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Біз де әрбір жұмысшының мәртебесін көтеруге бағытталған жаңашылдыққа өз үлесімізді қостық. Біздің тарапымыздан 36 ұсыныс жолданды.

 

Валентина Обложок бастаған ұйымға өңіріміздің мәдениет, спорт және ақпарат саласының 1000-нан артық өкілі мүшелік етеді. 24 бастауыш ұйымы бар. Ел көлемінде еңбек адамының беделін көтеруге ден қойған осындай 800-ден астам одақ тіркеліпті. Олардың қозғалысын жаңғырту үшін кәсіби мерекелері де аталып өтіледі. Осымен үшінші жыл қатарынан қазанның 10 жұлдызы – кәсіподақ күні ретінде тойланады. Төл мейрамдарының қарсаңында кәсіподақ белсенділері грамотамен марапатталып, ақшалай сыйақыға ие болды.

 

Күлжиян Қасымова, СҚО қуыршақ театры қызметкерлері бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы:

– Біздің бастауыш комитетке қуыршақ театрының штаттық құрамы толықтай енеді. Жастар басым. Жұмыс бабымен орын алған олқылықтарды дереу шешуге тырысамыз. Қызметкерлерді салауатты өмір салтына тартып, денсаулықтарын жақсартуға үлкен көңіл бөлеміз. Жалақы мәселесі мүлдем туындамайды.

 

Бүгінде өңіріміздегі кәсіподақ ұйымдарына 70 мыңнан артық адам мүшелік етеді.

 

Жеңіс Ермұқанов