Қоғам

Петропавлдағы демалыс саябағында жаңа айналмалы аттракцион пайда болды

 

 

7,5 минутта 1 шеңбер жасайтын мұндай аттракцион Қазақстан бойынша әзірге тек біздің өңірде ғана пайда болды. Американың өнертапқыштары ойлап тапқан конструкцияның биіктігі 27 метр. Оның дәл биігіне шықсаң, Петропавл қаласы алақандағыдай көрінеді. Аттракционға 64 адам сияды. Мұндай айналмалы шайтанарба әлемде үлкен сұранысқа ие.

 

Василий Темец, “АТТР Вольга” ҚБ инженері, РФ Волгоград қаласы:

-Техникалық қауіпсіздігі жақсы болғандықтан, бұл механизмге барлық елдер қызығушылық танытуда. Ол америкалық өнертапқыштардың идеясы болғанымен, біз Ресейдің Волгоград қаласында құрастырамыз. Әрбір кабинасы поликорбонатпен қапталды. 50 жылға шыдас береді.

 

Петропавлдағы”Мир аттракционов” серіктестігінің директоры саябақты жаңғыртып, демалушыларға жақсы көңіл-күй сыйлау мақсатымыз дейді. Демалыс саябағындағы аттракциондарды жаңарту идеясы Ресейде өткен байқаумен тұспа-тұс келген. Конкурсқа Кеден Одағы елдерінің 200 демалыс саябағы қатысқан.

 

Александр Козлов, “Мир аттракционов” ЖШС директоры:

-Осы жылы біз Ресей Федерациясының Сочи қаласында өткен “Хрустальное колесо -2013” конкурсына қатысып, байқауда ұсынылған 46 жобаның ішінен суырылып алға шықтық. Бұл бізге өте жақсы демеу болды. Енді біз өз саябағымызды тағы да басқа аттракциондармен толықтырамыз.

 

Осы сынды айналмалы шайтанарба соңғы 5 жылда Ресей, Украина мен Солтүстік Кавказ елдерінде пайда болған. Жерлестеріміз қымбат аттракционды сатып алу үшін “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасына сүйенген. Шайтанарба келесі жылдың көктемінде қолданысқа беріледі.

 

Берік Қасен