Қоғам

Облысқа республикалық ақпараттық үгіт-насихат тобы келді

 

 

Үстіміздегі жылы үгіт-насихат топтарының өңірлерде жұмыс істеу форматына өзгерістер енгізілген. Топ құрамында келген министрлік өкілдері өздеріне тиесілі салалар бойынша тұрғындармен кездесіп, елбасының жолдауын талқылап, халықтың бұйымтайын тыңдайды. Облысқа ат басын тіреген ҚР білім және ғылым министрлігінің білім саласында бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Бөлебаева білім беру саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің көрсеткіші бойынша Қазақстан Республикасы бүгінде 51-ші орында тұрақтап, өткен жылмен салыстырғанда 21 сатыға жоғарылады. Бірқатар көрсеткіштердің арасында білім беру саласындағы нәтижелер де ауыз толтырып айтарлықтай. 2013 жылы республикалық бюджеттен білім беру саласына 1,4 триллион теңге бағытталған. 2012 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны 331 бірлікке артты. Ал 2015 жылға қарай үш ауысымды білім беру жүйесін жою үшін және апаттық білім ошақтарының орнына республика бойынша 522 жаңа мектеп бой көтереді.

 

Ләззат Бөлебаева, ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім беру саласындағы қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:

-Қыркүйек айынан барлық мектептерде бірінші сыныптан ағылшын тілі оқытыла бастады. Бұл 12 жылдық білім беру жүйесіне дайындықтың бастамасы. Жыл санап Назарбаев зияткерлік мектептерінің саны артып келеді. 2012 жылдан ұстаздарға арналған жаңа біліктілік арттыру жүйесі енгізілді. Оның негізінде мұғалімдер 3 деңгейлі курстардан өтіп, үстемеақыға ие бола алады.

 

Петропавл қаласының құрылыс колледжі 1946 жылдан жұмысшы мамандарды дайындап келеді. Үстіміздегі жылы білім ошағында 7 мамандық бойынша 349 студент кәсіп меңгеруде. Оқушылардың барлығы мемлекет есебінен білім алады. Емтихандарын үздік тапсырғандарына стипендия қарастырылған.

 

Ерке Сыздықов, Петропавл қаласының құрылыс колледжі директорының орынбасары:

-Құрылыс саласы мамандықтарының барлығына сұраныс жоғары. Колледж қабырғасында газ-электр дәнекерлеушілерді, тас қалаушылар, құрылысшылар, қырнаушы, ағаш ұсталарын дайындаймыз. Оқу үрдісіне қажетті техникалық базамыз толық.

 

Соңғы рет колледждің материалдық-техникалық базасы 2012 жылы жаңартылған. Ләззат Бөлебаеваға болашақ мамандардың тәжірибесін пысықтауға арналған арнайы станоктар, мультимедиялық және компьютер кабинеттерінің мүмкіндіктері көрсетілді. Бүгінде аталған білім ошағының түлектері 100 пайыз жұмыспен қамтылған.

 

Виктор Рыжков, Петропавл құрылыс колледжінің оқытушысы:

-Біздің шәкірттеріміз жергілікті жерде де, еліміздің өзге қалаларында да, тіпті, Ресейде де еңбек етеді. Қызметке орналасу жөнінен мәселе туындаған емес. Өйткені олар өндірістік тәжірибеден өткен кезден бастап өз мүмкіндіктерін көрсетіп, кейін тұрақты жұмысқа қабылданады.

 

Колледжде Қазақстан-Норвегия оқу жүйесі бойынша дуалды білім беру де қарастырылған. Тәрбиеленушілер 2 жыл теориялық білім алса, тағы 2 жыл көлемінде тәжірибелерін шыңдау мүмкіндігіне ие. Колледждің мүмкіндіктерімен танысқан білім беру саласындағы қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Бөлебаева білім ошағының жұмысына оң бағасын берді.

 

 

Ләззат Бөлебаева, ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім беру саласындағы қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:

-Бұл – республикалық ақпараттық үгіт-насихат тобының екінші жұмыс сапары. Осыған дейін ақпан айында өңір тұрғындарымен кездескен болатынбыз. Мақсатымыз – Елбасының жолдауында көтерілген міндеттерді, олардың аясында атқарылып жатқан шараларды жергілікті жерге жеткізу. Сонымен қатар, өңірлерде туындаған мәселелерді тыңдаймыз.

 

Республикалық үгіт-насихат тобының жұмысы 2 күнге жоспарланған.

 

Гүлмира Шоқтыбаева