Ауыл шаруашылығы

Элеваторлар жаңа астықты қабылдап жатыр

 

 

«Петропавл-Астық» элеваторына күніне осылай 1 мың тонна астық төгіледі. Мұнда көбінесе жақын маңдағы Қызылжар, Мамлют, Аққайың және Есіл аудандарының өнімі жеткізіледі. Қоймалардың сыйымдылығы – 80 мың тонна. Оның тең жартысы толып тұр.

Бидай қабылдау науқанына Петропавл-Астық кәсіпорыны тыңғылықты дайындалған екен. 10 млн теңгеге 3 кептіргіш пен технологиялық құрылғыларды толығымен жөндеп, зертхананың ішін жаңартқан. Бүгінде қауқары қарымды.

 

Серік Қашағанов, “Петропавл-Астық” ЖШС директоры:

-Кептіргіштердің қуаттылығы – сағатына 102 тоннаға дейін жетеді. Өндірістік-техникалық зертхана заманауи қондырғылармен жарақтандырылған. Жаңа астықтың тағы 40 мың тоннасын алуға дайынбыз. Қабылдау кестеге сәйкес жүріп жатыр. Элеватор күндіз-түні жұмыс істейді. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілермен келісім-шарттар жасалған.

 

Биыл дәннің заттай салмағы талапқа сай келеді. Кілегейлігі де жақсы – 23 пайыз.Тек ылғалдылығы нормадан жоғары екен. Бірақ, ол да жарап жатыр дейді мамандар. Өйткені, соңғы уақытта жауын-шашын жиілеп кетті. Соған қарамастан диқандар егіс алқаптарында тыным таппай жұмыс істеді. Бұл ретте элеваторлардың кептірудегі мүмкіншілектері зор рөл атқарады.

 

Марат Бекназаров, СҚО аумақтық инспекциясы мемлекеттік астық инспекциясы бөлімінің басшысы:

-Биылғы жылы элеваторларға арзан бағамен 14,5 мың тонна жанармай берілді. Облыста 154 кептіргіш бар. Олардың қуаттылығы – сағатына 5 500 тонна. Сондай-ақ, 264 астық тазалайтын машина бар. Олар сағатына 15 500 тонна астық тазалайды.

 

Бүгінде астықтың 1 млн. тоннасы қамбаға түскен. Негізінен 3 класты келіп жатыр дейді мамандар. Өңірде лицензияланған 55 астық қабылдау кәсіпорны бар. Оларда орын жетіп артылады.

 

Данаш Хамзина, тілші:

– Қазір бұл элеватордың алдында ешқандай кезек жоқ. Мұндағылар дәнді дақылдарды уақытында қабылдап және кептіруге үлгеріп жатырмыз дейді. Жалпы, облыстағы барлық астық қабылдайтын кәсіпорындар 32,5 пайызға толған. Олар әлі 2 млн-нан астам тоннасын қабылдай алады.

 

Данаш Хамзина