Денсаулық сақтау

Тұмауға қарсы вакцина егу басталды

 

Соңғы аптада өңірімізде 949 адам өткір респираторлық қоздырғыш вирустарын жұқтырған екен. 100 мың адамға шаққанда бұл тізім қауіпті эпедемиологиялық шекке жетпейді. Ал тұмауға шалдыққандар мүлдем тіркелмепті. Дегенмен, ауырып ем іздегенше, сырқаттанбаудың жолын тапқан дұрыс дейді ақ халатты абзал жандар. Бұның бірден бір амалы – жаппай иммунизациялау айлығынан кеш қалмау. Елімізде бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының игі бастамасы 2007  жылдан бері жүзеге асып келеді.

 

Фарида Мұхамеджанова СҚО МСЭҚД бөлімінің жетекшісі:

– Өткен жылы 65 мың адам тұмауға қарсы егілді. Биылғы науқанда да тұрғындардың 11 пайызын қорғаныш дәрмегімен қамтимыз. Бұл мақсатқа биыл облыс қазынасынан 47,8 млн. теңге қаржы бөлінді. Оған жоғары өнімді франциялық “Вакси-грипп” вакцина қорын алып қойдық. Қауіпті топтарға тегін таратылады. Сондықтан денсаулығына немқұрайлық танытпай, тұрғындар екпе жасатуы тиіс.

 

Бірінші кезекте вакцина медицина қызметкерлері, интернаттар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жүрек-қан тамыр жүйелері зақымданған науқастар және аға буын өкілдеріне егілуде. 70-ті желкелеген Алла Данилушкина осымен үшінші жыл қатарынан аталмыш шетелдік препараттың шарапатын көруде. Вакцинаның кері әсерін байқамадым дейді қария.

 

Алла Данилушкина, зейнеткер:

– Түрлі вирустардан қорғайтынына көз жеткіздім. Тұмау есік қақпай келеді ғой. Қашан да дайын болу керек. Ең бастысы бойыңа сенімділік ұялатады. Дәріні қабылдаған үш жылда вирус жолаған жоқ. Жанұямызбен жылда егілеміз.

 

Күздің қара суығы да жетіп қалды. Әсіресе осы қауырт маусымда тұмау сұрап келмейді. Ауа арқылы ағзаға таралатын жұқпалы кеселден ешкім қорғалмаған. Қауіпті топқа кірмейтін жерлестеріміз де ем ала алады. Бірақ екпе ақылы түрде жасалады. Бір қорғаныш дәрмегінің құны 2 мың теңге шамасында. Ұйымдастырушылар өз денсаулығыңа үнемдеудің арты соқпақты болатынын ескертеді.

 

Фарида Мұхамеджанова, СҚО МСЭҚД бөлімінің жетекшісі:

– Толып жатқан антибиотиктердің барлығы бірдей аталмыш вирусты жеңуге қауқарсыз. Керісінше иммунитетті әлсіретеді. Тұмау енді белең алған сәтте “Темафлю” және “Реленза” дәрілері шипа болады. Бірақ ауру асқынған жағдайда бұл препараттардың көмегі шамалы. Тіпті пневмонияға шалдығудың қаупі зор болады. Бағасы да вакцинамен салыстырса 2-3 есеге қымбатқа түседі.

 

Сондықтан санитар мамандар үстіміздегі айдың соңына дейін жаппай иммунизациялаудан шет қалмауға шақырады. Маңызды науқанға ақ халатты абзал жандар ерте бастан қамданып қойыпты. Өңіріміздегі әрбір емдеу мекемесінде қосымша егу кабинеттері жабдықталған.

 

Жеңіс Ермұқанов