Мәдениет

С.Мұқанов атындағы қазақ театры жаңа маусымын ашты

 

 

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының он бесінші маусымы ақиық ақын, Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдық мерейтойына арналған «Өйтпесе Мағжан бола ма?» атты қойылымымен ашылып отыр. Туынды режиссері – ҚР еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахмановтың айтуынша, бұл негізінен сағыныш, мәңгі өшпейтін махаббат жайлы қойылым.

 

Мұрат Ахманов, қойылым режиссері, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

– Мағжанның тағдыры, Зылиханың ол өмірден өткеннен кейінгі оны сағынуы, аңсауы туралы. Махаббат жайлы шығарма.

 

Премьерада жерлес ақынның «Мені де өлім әлдиле», «Мен жастарға сенемін», «Сен сұлу» сынды шығармаларынан үзінділер де берілген. Бұл да болса, ақынның шығармашылығын өскелең ұрпаққа тағы бір жеткізу.

Мағжан рөлін сомдауға бірнеше актер таңдалыпты. Алайда ақиық ақынды сахнаға шығару Дәурен Тойбазаровқа бұйырды. Шығармада Мағжан образы әр қырынан таныла білген. Сахна төрінде Мағжан Жұмабаевтың орыс ақындарымен достығы, сөзіне беріктігі сияқты қасиеттері де көрініс тапты.

 

Дәурен Тойбазаров, Мағжан рөлін сомдаушы:

-Ақынның барлық қырын таныта білу әрине мүмкін емес. Дегенмен тырысып бақтық.Бірақ әттеген-ай деген тұстары да болды.

 

Мағжан Жұмабаев қаза тапқаннан кейін, Зылиха талай жылдар оны аңсап, ол жайлы естеліктермен өмір сүрген. Ақынның жан жары Зылиханы сомдаған Шолпан Айтыбаева аздаған қиыншылықтар болды дейді. Жас әйелге көпті көрген, кәрі әжені сахнаға шығару оңай болмаған. Әйтсе де, тәжірибелі әртіс көрерменнің көңілінен шыға білді.

 

Шолпан Айтыбаева, Зылиха рөлін сомдаушы:

– Рөлді ойнаған адаммен арадағы жас ереекшелігі мол. Сондықтан кәрі адамды сомдау оңай болды деп айта алмаймын. Халық береді бағасын.

 

Дулат Исабеков пьесаны жазуға Мағжанның иткөйлегі серпін берді дейді. Шыр етіп дүние есігін ашқанда Мағжан киген көйлек драматургтың қолына түскен. Осылайша, бір жапырақ шүберек ақын жайлы үлкен дүниенің жазылуына септесіпті. Кішкентай ғана иткөйлекке сыйған Мағжан, кең дүниеге сыймай кетті. Бұны автор жалғыз Зылиханың ғана емес, бар қазақтың қайғысы ретінде көрсете білді. Махаббат, жарына деген адалдық, репрессия кезіндегі қиыншылықтарды өткерген албырт сезім, ақын дүниеден өткеннен кейінгі сағынышты шынайы көрсете алған әртістер ойынына автор оң бағасын берді.

 

Дулат Исабеков, жазушы, шығарманың авторы:

– Режиссер және рөлдерді сомдаған театр әртістері – бәрі біріге отырып ортақ жұмыс жасады.

 

Он бесінші театр маусымының ашылуымен және аталмыш қойылымның сәтті шығуымен құттықтаған облыс әкімі Самат Ескендіров ұжымға ықылас гүлін тарту етті. Әртістердің өнеріне тәнті болған көрермендер де өз сүйіспеншіліктерін жасырмады.

 

– Зылиха махаббаты сомдалған кезең әсересе көңілімнен шықты.

– Қойылым көңілімізден шықты.

– Репрессия кезіндегі Зылиханың сағынышын әртістер жақсы сомдай білді

 

Алдағы уақытта бұл туынды еліміздің өзге де театр сахналарында қойылмақ.

 

Мағжан Ахмадина