Қоғам

Курск шайқасының 70 жылдығына арналған конференция

 

 

Мектеп оқушылары, студенттер мен әскери институт тәрбиеленушілері Курск шайқасына қатысқан ардагерлерді құрметтеп, орындарынан тұрып қарсы алды. Бұл сұрапыл шайқасқа қатысқан майдангерлердің қатары жыл санап кеміп барады. Курск шайқасына қатысқан көзі тірі 10 ардагерден жиынға тек 2-уі ғана келе алды. Олар Жүнісов Қасым Жүнісұлы мен Захарченко Леонид Степанович. Кездесуді облыстық украин мәдени орталығы мен орыс қоғамдастығы ұйымдастырды.

 

Виктор Сайко, “СҚО орыс қоғамдастығы” ҚБ төрағасы:

-Курск шайқасына қатысты біз жастармен көп жұмыс жасаудамыз. Мәселен, сол оқиғаға қатысты облыс көлемінде конкурстар мен олимпиадалар өткіздік. Оған түрлі ауданнан 120 адам қатысты. Сыннан сүрінбей өткендерді бүгін диплом мен естелік сыйлықтармен марапаттайтын боламыз.

 

Курск шайқасындағы жеңістің 70 жылдығына арналған конференцияда жастар мен оқытушылар ұрыстағы стратегиялық жоспарлар мен батырлардың ерлігі, қолданған қару-жарақ жайлы әзірлеп әкелген баяндамаларын оқыды. Ал, Курск шайқасының бел ортасында болған ардагер оларды толықтырып, өз естеліктерімен бөлісті. Жалпы конференцияға жиналғандарға бұл теориялық мағлұматтар пайдалы әрі қызықты болды.

 

Мадина Сайдаева, Слухаевский атындағы 1-ші қалалық жалпы білім беретін лицейдің оқушысы:

-Біз ардагерлеріміздің көзі тірісінде ҰОС жайлы мейлінше көбірек мағлұмат алып қалуымыз керек. Өйткені, оқығаннан көрі, нағыз батырлардың аузынан естіген әңгіме мың есе әсерлі болды. Мен арғы ата-бабаларымның аруағына бас иіп, олардың ерлігі жайлы естіп, өзіме рухани көп азық алдым.

 

Курск шайқасы – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ең ірі шайқастардың бірі. Бұл Мәскеу түбіндегі және Сталинград үшін жауға қарсы шабуылдың үшінші кезеңі, нақтылап айтқанда, Үшінші рейх пен Кеңес Одағы арасындағы ең шешуші, ақтық кезеңдердің бірі еді. Аталған шайқастың өзі 50 күнге созылды.

Ұрысқа 4 миллион адам қатысқан, ал техника жағынан 69 мың қару жарақ пен миномет, 13 мыңнан астам танк, 12 мыңға жуық жауынгерлік ұшақ пайдаланылды. Курск түбінде көрсеткен батырлық пен қаһармандықтары үшін жүз мыңнан астам Қызыл әскердің генералы, офицер мен сарбаз орден және медальдармен марапатталды, ерекше ерлігімен көзге түскен 180 жауынгер Кеңес Одағының батыры атағына ие болды.

 

Берік Қасен