Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауыл әкімдері білім жетілдіруде

 

Талғат Еслямовтың әкім болып қызмет атқарып жүргеніне 9 жыл болыпты. Ол басшылық ететін Дмитриевка ауылдық округіне 3 елді мекен кіреді. 1500-ға жуық тұрғыны бар ауылдарда мәселе жетерлік. Оларды шешуде осындай курстарда жинақтаған біліміміз сеп болады дейді Талғат Еслямов.

 

Талғат Еслямов, Дмитриевка ауылдық округінің әкімі, Тимирязев ауданы:

-Біз мұнда тәжірбиемен бөлісеміз. Өзімізде туындаған сауалдарды қарастырып, шешімді бірге іздейміз.

 

Қазір әкімдер тәжірбиелі ұстаз Ольга Куприенкодан дәріс алуда. Қаржы сабақтарында олар жиі тіркелетін олқылықтарды сараптап, талқыға салуда. Бүгін 15 басшы қайта даярлаудан өтіп жатыр. Ал қазанның 21-інен биыл тағайындалған 47 әкім қайта даярлық курстарынан өтетін болады. Олар негізінен мемлекеттік басқаруға қатысты заңнамаларды талқылап, қызмет барысында туындаған мәселелерін қарастырады. Жыл басынан әкімдердің біліктілігін арттыру мақсатына орталық қызметкерлері 9 әдістемелік кітапша әзірлеген.

 

Татьяна Лебедева, СҚО бойынша мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру өңірлік орталығының директоры:

-Қазір әкімдердің мойнына жүктелген іс салмақты. Олардың қызмет атқару көкжиегі кеңейіп отыр. Енді олардың құзырына 78 іс кіреді. Шағын және орта бизнесті, ауылдық жерлерді дамыту, серіктестік, шаруа қожалықтарымен жұмысты бір ізге салу – осылардың барлығын әкім мықтап қолға алуы керек. Орталыққа келген тыңдаушылар тәжірбиелерімен бөлісіп, маңызды жұмыстарды талқылайды. Олардың қарым-қабілеті тексеріледі.

 

Қазіргі таңда облыста түрлі деңгейдегі 194 әкім қызмет етуде. Үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде орталықта олардың 76-сы оқып кетсе, жаңадан тағайындалған 15-сі қызметтік қайта даярлау курстарынан өткен. Апталық дәріс соңында мемлекеттік қызметшілер тест тапсырады.

 

Татьяна Лебедева, СҚО бойынша мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру өңірлік орталығының директоры:

-Тест тапсыра алмағандарға қайта дайындалуға уақыт беріледі. Олар білімдерін шыңдап, қайта сыннан өтеді. Бұған дейін дәріс тыңдаушылардың 20 пайызға жуығы тест тапсыра алмады. Екінші мәрте көрсеткен нәтижелері жақсы.

 

Жыл соңына дейін тағы 105 әкім қайта даярлау курстарынан өтетін болады.

 

Мағжан Ахмадина