Білім

Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылында жаңа мектеп қолданысқа берілді

 

 

“Ауылым – алтын бесігім” деген мұндағы 50 үйдің түтеткен түтіні түзу, төрт түлігі сай. Ауылдықтарды бүгінге дейін бір ғана мәселе мазалап келіпті. 43 жыл бұрын іргесі қаланған Айтуар  негізгі мектебінің тозығы жетіп, білім қуған балаларға оқитын жағдай қиынға соғыпты. Бүгін ауылдықтар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн деп айтсақ артық болмас. 80 орынға шақталған су жаңа заманауи білім ошағы қолданысқа берілді. Оқу мекемесінің ашылу салтанатына облыс әкімі Самат Ескендіров қатысып, айтуарлықтардың қуанышына ортақтасты.

Айтуар ауылының ақсақалдары мектептің ашылуы елді мекен үшін үлкен жаңалық дейді.

Кейін өңір жетекшісі жаңа нысанның таспасын кесіп ғимаратты аралап, құрылысымен танысты. Ескісінен көлемі 4 есе үлкен. Бұрынғысында білім алатын аумақ 400 шаршы метр болса, енді ол 2 мыңға жеткен.

Мектеп жылыту маусымына толықтай дайын. Білім ошағының жеке қазандығы бар. Инженерлік желілер тартылған. Бірақ тіршілік көзі әлі жетпей отыр.

Әзірге мектеп қабырғасында жайғастырылған су қоймасының мүмкіндігі пайдаланылуда. Жалпы мұнда оқушыларға сапалы білім беру үшін барлық жағдайлар жасалған. 12 оқу сыныбы заман талабына сай жабдықталыпты. Самат Ескендіров шәкірттердің игілігіне лингафонды мультимедиялық кабинетті сыйға берді. Компьютерлік сынып ғаламтор желісіне қосылған. 60 оқушы терең білім сіңіру үшін енді озық үлгідегі тың технологиялардың шарапатын көреді.

 

Рухани азыққа бай кітапхана, шеберхана, медициналық кабинет пен асхана қарастырылған. Соңғысында оқушылар жеңілдетілген бағамен ауқаттанады. Ауыл тарихында бұрын соңды болмаған спорт залы тұрғызылды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін іші барлық қажетті спорт жабдықтарымен жарақтандырылыпты.

Барлығы 15 оқытушы шәкірттеріне білгенге білім қосуға септесіп жүр. Терең білім нәрінен сусындатып, саналы тағлым беретіндердің  дені жоғары санатты ұлағатты ұстаз.

Жалпы заманауи білім ошағының құрылысына 260 млн теңге жұмсалды. Жуық арада шағын орталық құру жоспарда бар. Мектеп айналасы абаттандырылған. Балалар алаңқайы тұрғызылды. Келешекте ұжым бағбандықпен айналыспақшы. Бақша дақылдарын өсіруге арнайы жер телімі қарастырылып қойылыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов