Құқық қорғау органдары

Тағы бір телефон террорисі қолға түсті

 

Өткен бейсенбіде “102” пультіне Черемушки ауданындағы мектепке жарылғыш зат қойылды деген ақпарат түскен. Суық хабарды қоңырау шалған бейтаныс адам күндізгі 15 сағат 35 минутта жеткізіпті.

Оқиға орнына дереу шұғыл әрекет ету қызметі келді. Білім ошағының оқушылары мен мұғалімдер ұжымы барлығы 350 адам қауіпсіз ауданға шығарылды. “Арлан” арнайы құрылымы, кинологтар мен иісшіл қызметтік иттер ғимаратты бастан-аяқ тексеріп шықты. Абырой болғанда жарылғыш зат табылмады. Араға бір сағат салып, жалған ақпарат таратқан сезікті қолға түсті.

Көпшілікті дүрліктірген адам Қызылжар ауданының Татарка ауылының 25 жасар тұрғыны болып шықты. Қазір оның үстінен бұзақылыққа жол берді деген айыппен қылмыстық іс қозғалды.

Облыста жыл басынан дәл осындай 6 факті тіркеліпті. Барлығының да беті ашылды. Екі телефон террорисі темір торға тоғытылды. Бас бостандығын бәйгеге тіккендер жазаларын 1 және 2 жылға дейін тар қапаста өтеп жатыр.

 

Жеңіс Ермұқанов