Облыс әкімінің Жамбыл ауданына жұмыс сапары

Ауыл шаруашылығы

15:48 4 Қазан 2013

«Агротехника Жамбыл» ЖШС   биыл 11 300 гектар алқапқа дән сіңірген. Оның 10 мыңнан астамы бидай. Астықтың шығымы жақсы. Гектар берекелілігі  14 центнерден айналуда. Шаруа басшылығымен кездескен аймақ жетекішісі Самат Ескендіров жұмысты тездетуді міндеттеді.

Александр Приходченко, «Агротехника Жамбыл» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

– Орақ науқанына 21 тамызда кіріскен болатынбыз. Жалпы алқаптың 30 пайызын құлаттық. Бүгінгі күні астықтың 85 пайызын жинап алдық. Танап басында қазір 20 комбайн жұмыс істеп жүр. Қазанның 5-не дейін науқанды аяқтаймыз деп жоспарлаған едік. Алайда соңғы аптада түскен жауын-шашын шаруаны тоқтатты.

Бүгінгі күні облыс бойынша бидайдың 82 пайызы бастырылды. Тың технология мен ғылымды пайдаланудың арқасында астық бітік шықты. Облыс әкімі ауа райы қолайлы болып тұрса, алдағы бір аптада егінді жинап аламыз деді.

Бұдан соң Самат Ескендіров «Шатило и К» серіктестігінің басшысы Виталий Шатиломен тілдесті. Биыл ол 23 мың гектарға бидай еккен. Сондай-ақ тағы 10 000 гектарды құрайтын майлы дақыл бар. Бүгінде жалпы аумақтың 83 пайызы орылды. Ауа райы мүмкіндік берсе, шаруашылық орақты бес күн ішінде аяқталмақшы. Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Пресновка – Архангелка арасындағы жол жөндеу жұмыстарымен де танысты. Былтыр екі елді мекен арасындағы жолдың 5 шақырымы жөнделген. Биыл тағы 3 шақырым жол қалпына келтірілген. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 165 миллион теңге жұмсалған. Күрделі жөндеуді «Титан – Север» ЖШС   жүргізуде. Компания осы айдың 20 – на дейін жолдың жиегін қалыпқа келтірмек.

Материалды «Қазақстан-Петропавл» арнасының тілшілері әзірледі