Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Самат Ескендіров ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтады

 

Қазіргі әлемдік білім беру жүйесінің талабы зор. Бұл саладағы жаңашылдықтар жыл сайын туындап жатады. Оның қатарында ілесіп жүру үшін ең алдымен мектептегі мұғалім мықты болуы керек. Біліктіден білім алған оқушыдан ертең елдің сенімді ұрпағы өсіп шығатыны хақ. Бұл міндетті абыроймен атқарып жүрген ардақты ұстаздарды мерекелерімен облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады. Өңір жетекшісі өз сөзінде елімізде бұл салаға ерекше назар бөлінетінін атап өтіп, педагогтың қоғамдағы рөліне тоқталды.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Білім мен ғылымның, тәлім мен тәрбиенің, өсиет пен өнегенің өзегі – педагогтар. Ұрпақ тәрбиесінде мұғалімнің таланты, біліктілігі және жауапкершілігі, адами қасиеті өте маңызды рөл атқарады. Өйткені, ол шәкірт үшін айна сияқты. Мемлекеттің идеологиясы қоғамның дәстүрі мен құндылығы, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұрасы ұстаздар арқылы ұрпақтан ұрпаққа жол тартады. Ендеше, ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың шәкірттерге беретін саналы тәрбиесі мен сапалы білімінде. Облысымыздағы білікті ұстаздардың арқасында түрлі білім сайыстарында мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік оқушылардың қатары жылдан жылға толыға түсуде. Бұл – сіздердің еңбектеріңіздің жеңісі. Қиыны мен қызығы мол осы жолда сіздерге шығармашылық табыс, еңбекте жеміс тілеймін.

 

Өңірде мұғалімнің мәртебесін көтеру мақсатында грант үлестіру үшін талай байқаулар өткізіледі. Өткен жылы Ә.Досмұхамбетов атындағы мектеп-интернат үздік атанса, биыл бұл беделге “Бэст” гимназиясы ие болды. Үздік педагог атанғандары да аз емес. Үстіміздегі жылы 1000-нан астам мұғалім кәсіби біліктілігін арттырған екен. Сондай-ақ, Петропавлда Назарбаев зияткерлік мектебі салынып жатыр. Ол келесі жылы ашылуы тиіс. Ерекше үлгідегі мектептің білім беру саласына қарқын қосары сөзсіз. “Балапан” бағдарламасы да сәтті жүзеге асуда. Мемлекеттік жоба аясында 8 мыңнан астам бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Бұл нәтижеге қол жеткізуде ұстаздар қауымы да тер төкті. Еңбегімен ерекшеленгендеріне бүгін облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді.

Өңір жетекшісінің мұндай жоғары марапаты жұмысыма тағы бір серпін берді дейді Бекет Мұстафин. Физика пәнінің мұғалімі 35 жылдың ішінде талай байқаулардың жеңімпаздарын тәрбиелеген екен.

 

Бекет Мұстафин, Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаттың физика пәнінің мұғалімі:

-Ол – маған берілген үлкен сенім. Мен оны ақтауым керек. Біз балаларға еңбексүйгіштік, патриоттық, Отанды сүюге, егер Отанын сүйетін бала болса, ол физикадан да, матемаиткадан да, ол тарихтан да бірінші орын алуға тырысады.

 

Бір топ ұстаз облыс әкімінің Алғыс хаттарын алса, бірқатарына бағалы сыйлықтар берілді.

 

Жазира Рахимова, Айыртау ауданы Мәдениет орта мектебінің әлеуметтік падагогы:

-Балаларымыз аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, өздерінің өнерлерін көрсетіп жатыр. Егер осындай оқушылар болса, онда ұстаздың еңбегі далаға кетпеді деп білем.

 

“Ұстаз болу – жүректің батылдығы” демекші, бұл жолдағы ардагер педагогтардың да еңбегі елеусіз қалған жоқ. Есіл ауданындағы Бұлақ орта мектебінде 40 жыл бойы бала оқытқан Панап Мәлікова шәкірттеріме қарап еңбегімнің жанғанын түсінемін дейді.

 

Панап Мәлікова, ардагер ұстаз:

-Бүгінгі өмірде баланы тәрбиелеп, оны қалыптастыру мұғалімге үлкен жүк салады. Сондықтан, мұғалім шыдамды, төзімді, білікті болуы керек. Осы еңбегімнің нәтижесі ғой деймін, менің оқушыларым әр салады қызмет етіп жатыр.

 

Бұдан кейін салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Сахнаға шәкірттер шығып, ұстаздарына деген жылы-жылы сөздерін әнмен жеткізді.

 

Данаш Хамзина